Қостанай қаласында «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша қазақ филологиясы факультеті студенттерінің арасында VІІ Республикалық пәндік олимпиада өтті.

Аталмыш олимпиадаға С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері де қатысқан болатын. Қостанай мемлекеттік педагогикалық институтында «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығы бойынша өткен VІІ Республикалық пәндік олимпиададан біздің студенттер жеңіспен оралды.

Олимпиадаға Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындарынан келген 20 команда қатысты. Білім додасына қатысушылар екі кезең бойынша сайысқа түсті. Бірінші кезең – ой толғау, тіл мен әдебиеттен теориялық білімі мен танымын көрсететін шығармашылық тапсырмалар; II кезең– тест тапсырмаларын орындау.

Бұл сайыста С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің намысын қазақ тілі мен әдебиеті мамандығының студенттері Бексұлтан Кабышев, Ұлжан Төлеу және Арайлым Ермекова қорғады. Команда жетекшісі ПМУ профессоры, ф.ғ.к. Бақытжан Қадырованың айтуынша, студенттер өздерінің шығармашылық қабілеттері мен терең теориялық білімдерін көрсетіп, ғылым-білімге деген құлшыныстарын арттыра түсті.

Екі тур бойынша да үздік нәтиже көрсетіп, қорытындысында С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттері жалпы командалық есепте жүлделі ІІІ орынды иеленді.

Олимпиадаға қатысқан Бексұлтан Кабышевтың айтуынша, Қостанай қаласында өткен олимпиаға еліміздің түкпір-түкпірінен білімді әрі дайындықтары мықты студенттер қатысқандықтан, байқау өте жоғары деңгейде өтті. «Сол себепті де олимпиада аса тартысты болды. Осы орайда бізді бұл олимпиадаға дайындаған оқытушыларымызға айтар алғысымыз шексіз. Бұл – біздің ортақ жеңісіміз», - дейді Бексұлтан.