2015 жылдың 10 сәуірінде С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде жас ғалымдардың, студенттер мен мектеп оқушыларының «ХV Сәтбаев оқулары» халықаралық ғылыми конференциясы өтті.

Конференцияның салтанатты ашылуы С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың алдындағы Естелік аллеясында орнатылған Қаныш Сәтбаев мүсініне гүл шоқтарын қою рәсімінен басталады.

Салтанатты рәсімде сөз сөйлеген С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, с.ғ.д. Өрсариев Арын Амангелдіұлы бұл конференция еліміз бен шетелден келген жас ғалымдардың басын біріктірген шараға айналғанын атап өтті. Ал өңіріміздегі білімнің қара шаңырағы – С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті қашанда дарынды да білгір, зияткер де қабілетті жастарды әрдайым қолдауға дайын. «Бұл конференцияны жас ғалымдар асыға күтеді. Себебі «Сәтбаев оқулары» конференциясы талай жас ғалымдарға үлкен ғылымға сәтті қадам жасауына себепкер болып отыр», - деп конференция жайлы өз пікірін білдірді.

ХV Сәтбаев оқулары халықаралық ғылыми конференциясының жинағына жариялану мақсатында Қазақстаннның түкпір-түкпірінен яғни, Астана, Алматы, Ақтөбе, Арқалық, Семей, Қарағанды, Көкшетау, Қостанай, Рудный, Қызылорда, Орал, Шымкент, Петропавл, сонымен қатар жақын шетелдерден Барнаул, Чита, Томск, Омбы, Челябинск, Минск, Новосібір, Санкт-Петербор қалаларынан 1593 ғылыми мақалалар келіп түсті. Конференцияға жіберілген 1593 ғылыми мақалалар 22 жинақтарда басылып шықты.

Конференцияның секциялық жұмысы 15 бағыт бойынша өтеді. Секциялық мәжілістер бағдарламаға сәйкес бас оқу ғимаратындағы дәрісханаларда өтті.

Конференцияға келген жас ғалымдардың көбісі халықаралық дәрежедегі ғылыми шараға алғаш рет қатысып отыр. Жалпы, жылдар бойы конференция жұмысы жас қатысушылардың ғылыми өсуі үрдісін көтеруде, бұл шара ғылым саласындағы жетістіктерді одан әрі дамытудың алаңы болып табылады. Конференцияның өскелең ұрпақ үшін тәрбиелік мәні, жас ғалымдардың ғылымның әртүрлі салаларына қызығушылық танытуына және олардың ғылыми тәжірибе алмасу арқылы рухани өсуіне жол ашуда маңызы зор.

Қазақстан Ғылым академиясының тұңғыш президенті, атақты жерлесіміз Қаныш Сәтбаевтың құрметіне арналған Халықаралық Сәтбаев оқулары облысымызда 2000 жылдан бері өтіп келеді.

Руфина Торпищеваның фотосы