С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде алғаш рет студенттер арасында мәнерлеп оқу байқауы өтті.

Мәнерлеп оқу додасында Жұбан Молдағалиев, Михаил Лермонтов, Мұса Жалил және т.б. авторлардың шығармалары оқылды.

Байқау студенттерді поэзияға құштар етуден бөлек, олардың мәнерлеп оқу өнері арқылы өздерінің шығармашылық қабілеттерін танытуды мақсат етті.

Мәнерлеп оқушыларды С.Торайғыров атындағы ПМУ «Қазақ тілі» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., профессор Айман Зейнулина және «Орыс филологиясы» кафедрасының меңгерушісі, ф.ғ.к., доцент Гульвира Шаикова әділ бағалап, қазылық етті.

Әділқазылардың ұйғарымымен байқаудың жеңімпазы сәулет-құрылыс факультетінің студенті Айдана Әбухасен атанды. Айдана туындынының мәнін түсініп қана қоймай, автордың ойы мен сезімін нақты да мәнерлі жеткізіп, қазылар көңілінен шықты. Екінші орынды физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің студенті Петр Кабанов қанжығасына байлады. Үшінші орынның иегері ақын сезімі мен шабытын көрерменге шебер паш еткен Ақмарал Ерманат атанды.

Сонымен қатар, мәнерлеп оқу қабілетімен көзге түскен студенттер белгілі номинациялардың иегері атанды. Мәселен, «Көреременнің көзайымы» номинациясын Байрон Мирас пен Дина Анасова иеленді. Ал ерекше орындаушылық өнерімен танылған Гүлжан Ишимова «Махаббат әуені» номинациясы бойынша жеңіске жетті. Сондай-ақ, «Ғаламтор жеңімпазы» номинациясын Сабина Сембаева, «Жалын» номинациясын Жәмилә Жұмахан, «Патриот» номинациясын Нұризат Фаткулина жеңіп алды.

Ф.ғ.к., доцент Гульвира Шаикованың мәлімдеуінше, бұл байқауға жоғары оқу орнының барлық факультеттерінен студенттер атсалысты. «Бүгінгі мәнерлеп оқу сайысынан байқағынымыздай жастардың поэзияға деген құлшынысы, шығармашылыққа деген құштарлығы басым екенін көруге болады. Мұндай байқаулар студенттерді сауатты және мәнерлеп оқуға бейімдейді. Сондықтан әртүрлі тақырыпты арқау еткен осы сынды сайыстар жиі өтіп тұрғаны абзал. Мен студенттер арасындағы көркемсөз оқуға деген қызығушылық бір байқаумен шектелмей, жыл сайын олар шығармашылық қабілеттерін дамытып, өскенін қалар едім», – сөзін түйіндеді Гулвира Кимқызы.

Жеңімпаздар арнайы дипломдар, қаржылай сыйлықтармен марапатталды. Ал байқауға қатысушылардың барлығы алғыс хаттар мен құнды сыйлықтарға ие болды.

Руфина Торпищеваның фотосы