Павлодар облысы «Достық үйі» концерттік залында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, қазақстандық журналистиканың ардагері Бижан Жұмасейт Қоғабайұлының 75-жылдық мерейтойы аталып өтті.

Саналы ғұмырын журналистік қызметке арнаған журналист қоғамда болып жатқан түрлі тарихи, саяси, әлеуметтік-мәдени оқиғаларды қалт жібермей, көпшілік қауымға жариялап отырды.

Павлодар облысының ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Махаббат Садуақасова мерейтой иесіне облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың Алғыс хатын тапсырды. Өз құттықтауында облыс әкімі журналист-публицист Жұмасейт Қоғабайұлы еліміздің егемендік жолындағы кезеңдер мен туған өлкеміздің тарихынан сыр шертетін еңбектері өте құнды, әрі жас журналистер үшін де үлкен мектеп болып табылатынын айтты. Қанат Алдабергенұлы: «Сіз Павлодар өңірінде журналистика саласының қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қостыңыз», – деп көп жылғы еңбегін бағалады.

С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры міндетін атқарушы Арман Ақышев мерейтой иесін құттықтай отыра, Жұмасейт Қоғабайұлының жарты ғасырға жуық қызметінде жинап-терген, журналистика кәсібі шеберлігінің сырымен бөлісетін еңбектері студенттер қауымы үшін таптырмас оқу құралы болып табылатынын айтты.

Қазақстан журналистер одағының Павлодар облысы бойынша филиалының төрағасы Юрий Поминов, әріптесін мерейлі жасымен құттықтап: «Мен Жұмасейт Қоғабайұлын тұқымы тастың үстінде де өсетін Баянауылдың қарағайымен теңер едім. Әріптесім тасты жарып, тамырын тереңге жайып шыққан қарағайдай өз шығармашылығын жан-жақты дамыта берді», – деді.

«Қазақстан» Телерадиокомпаниясының бұрынғы төрағасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бірінші баспасөз-хатшысы, «Мир» телекомпаниясының төрағасы, Е.Гумилев атындағы ЕҰУ телерадио және қоғаммен байланыс кафедрасының меңгерушісі Ғаділбек Шалахметов өзінің құттықтау жедел хатында былай деп жазды: «Павлодар облысының индустриясы мен облыстық телевидение және радионың қалыптасуында Сіздің еңбегіңіз ұшан-теңіз». Көп жедел хаттардың ішінде меретой иесін құттықтаған жастық шағының күәсі болған Бұғыбай, Гүлшара, Айтжан сынды достарының құттықтаулары ерекше жүрекжарды лебіздерге толы болды.

Павлодар облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы Қабжан Еділбай құттықтау сөзінде Жұмасейіт Бижанның ана тіліміздің дамуы мен насихатталуына үлкен үлес қосқанын баса айтты. Ол: «Жұмасейт Қоғабайұлы қай жерде болмасын, қандай да бір тарихи оқиғаларды жазбасын, әрдайым қазақ тілін мәпелеп, оның қанат жаюуына қызмет етіп келеді», – деді.

Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Оразғали Бектұров мерейтой иесіне «Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы» деген лентаны тақты.

Жұмасейіт Қоғабайұлының өмірбаянын қарасақ, Павлодар өңірі мен Тәуелсіз Қазақстан тележурналистикасының тағылымды, әрі бай тарихын байқаймыз. 1990-1995 жылдар аралығында Қазақ КСР-нің, кейін Қазақстан Республикасының қос палата мәжілістері мен сессияларына қатысып, тікелей репортаждар, шолулар жасады. Оның осы жылдар аралығында жазған еңбектері ішінде еліміздің Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевпен сұхбаттарының, іссапарларынан жасалған жаңалықтары мен репортаждардың орны ерекше.

Кешке қатысқан қонақтардың баршасы Жұмасейт Қоғабайұлының өз қызметіне деген айырықша ықыласын, ұйымдастырушылық қабілеті мен адалдығын ерекше атап өтті. Журналистиканың ардагері әлі де болсын қатарда. 2005 жылдан бастап ол С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде қызмет етіп келеді. Жұмасейт Қоғабайұлы 6 ғылыми-публицистикалық кітаптың және 50-ден астам ғылыми мақалалардың авторы.

Шығармашылық кеш барысында Жұмасейт Бижанның «Ой толқыны» атты тәжірибелік нұсқаулықтың тұсау кесері болды. Бұл кітапта автордың көпжылдық еңбегінің нәтижесінде жиналған материалдар қамтылған. Сонымен қатар, жинақта автордың журналистиканың сұхбат, репортаж, шолу, дөңгелек үстөл сынды жанрлары бойынша жазылған публицистикалық және журналистік туындылары да бар.