С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің «Сәулет және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы Майса Ықыласованың Ресейдің Омбы қаласында «Жібек жолы» атты дербес көрмесі өтуде.

С.Торайғыров атындағы ПМУ сәулет-құрылыс факультетінің «Сәулет және дизайн» кафедрасының аға оқытушысы, Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Майса Қамысбайқызының көрмесі Омбы қаласының А.С.Пушкин атындағы орталық кітапханасының көрме залында өтуде.

Көрмеге киізден басылған «Менің Қазақстаным» атты пейзаждар сериясы мен Мұқағали Мақатаевтың поэзиясына арналған «Мұқағали» атты графикалық суреттер сериясы – барлығы 30 туындысы қойылды.

Майса Ықыласова дербес көрмесінің ашылуына Омбыдағы аймақтық «Мөлдір» Сібір-қазақ мәдени орталығының төрайымы Алтынай Жүнісова ұйытқы болғанын атап өтті. «Көрмеге Омбыда тұратын қандастарымыз, өнерді сүйер азаматтар мен жергілікті ұлт өкілдері, студенттер мен оқушылар көп келді. Омбыдағы Көркемөнер институтының директоры, Ресей Суретшілер одағының мүшесі Қайыртай Әмірғазин, суретші Амангелді Шәкенов сияқты әріптестерімен кездесіп, ой бөлістік», - деді Майса Қамысбайқызы.

Омбы қаласындағы Қазақстанның консулы Елдар Қонаев суретшінің еңбектерін жоғары бағалап, әрі Қазақстан Республикасы мен Ресей Федерациясы арасындағы мәдени-гуманитарлық байланыстың дамуына зор үлес қосқаны үшін Майса Ықыласоваға Алғыс хат табыс етті.

Көрме барысында Майса Қамысбайқызы омбылық өнерсүйер қауымға шеберлік сыныбын өткізді.

С.Торайғыров атындағы ПМУ сәулет және дизайн кафедрасының аға оқытушысы Майса Ықыласова Мұқағали Мақатаевтың поэзиясын қылқаламмен суреттеуді жанына серік етіп келеді. Суретші жанына жақын өлең шумақтарын ой-қиялға беріліп тамаша шеберлікпен бейнелеуді мұрат тұтады. Сондай-ақ, Майса Қамысбайқызының қолынан соңғы жылдары киізден жасалған ұлттық бұйымдары және Баянауыл мен Ертістің әсем табиғатын киізбен әспеттеген туындылары да жарық көруде.

Омбы қаласында өтіп жатқан «Жібек жолы» көрмесі 2015 жылдың 15 ақпанына дейін жұмыс жасайды.