С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенті тілдік емес мамандықтардың студенттері арасында өткен ағылшын тілі пәнінен аймақтық олимпиададан үшінші орынды қанжығасына байлап келді.

Астана қаласы Қазақ гуманитарлық-заң университеті қабырғасында өткен олимпиада «Education in a global context» тақырыбында өтті. Олимпиадада үздіктер қатарынан көрінген студент – Бизнес және құқықтану факультетінің «Құқықтану» кафедрасының 3 курс студенті Ерғали Буебаев.

Аталмыш олимпиада студенттердің арасында ағылшын тілін білімін тексеру, болашақ мамандардың ағылшын тілі бойынша білімін жетілдіру, көптілділікті қалыптастыру, ағылшын тілін үйренуге студенттердің ынта-ықыласын арттыруды мақсат тұтты.

Олимпиада сынына жоғары оқу орнының барлық курс студенттері қатысты. Ағылшын тілі білімін тексеруге Қазақ Гуманитарлық-Заң университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті, С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті, Қарағанды мемлекеттік медициналық университетінің студенттері қатысты.

Олимпиада 2 кезең бойынша өтті. Бірінші кезеңде студенттер лексика-грамматикалық тест тапсырды. Бірінші іріктеу кезеңінен 62 қатысушы берілген тапсырманы орындап, нәтижесінде 15 үздік қатысушы анықталды.

Екінші speaking кезеңі бойынша студенттердің сөйлесу зейіні тексерілді. Ал екінші кезеңнің нәтижесіне сай бес студент анықталды. Соның бірі С.Торайғыров атындағы ПМУ студенті Ерғали Буебаев үшінші орыннан көрінді.

Сонымен қатар, олимпиада қатысушыларына арнап «ҚазГЗУ-да ағылшын тілінің басымдылығы» тақырыбында интерактивті үйірме ұйымдастырылды.

Аймақтық олимпиаданың үшінші орын иегері Ерғали Буебаевтың айтуынша бұл олимпиадаға қатысу оның ағылшын тілі бойынша білімін жетілдіріп қана қоймай, тілді меңгерудің жаңа белестеріне шығуға жол ашыпты.

– Осы сынды олимпиадаларға, байқауларға қатысу қашанда қиын іс. Оның үсітіне өзім де ағылшын тілі білімімді тексеріп, бағымды сынап көргім келді. Олимпиадада жетістікке жеткеніме академиялық ұтқырлық бағдарламасы аясында шетелде білімімді шыңдап келуім мен С.Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында шетелдік дәріскерлердің танымды дәрістері ықпал етті деп ойлаймын, - деді Ерғали.

Жеңімпаздар мақтау қағаздарымен және құнды сыйлықтармен марапатталды. Жеңіс тұғырынан көрінген студенттер Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетінде өтетін республикалық олимпиадаға жолдама алды.