2014 жылдың 28 қарашасы күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ақын, жазушы, әдебиеттанушы, Қазақстанның халық жазушысы, Қазақстан Республикасының қоғамдық-саяси қайраткері, Қазақстанның ЮНЕСКО-дағы уәкілі Олжас Сүлейменовпен шығармашылық кездесу өтті.

Кездесуді С.Торайғыров атындағы ПМУ ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректоры б.ғ.д., профессор Нұрлан Ержанов ашты. Ол өз сөзінде:

– Олжас Омарұлының жазғанын оқып, айтқанын тыңдап өскен жастар бүгін ақынды өз көздеріңізбен көретіндеріңізге дән ризамын. Бұл кездесу – жай кездесу емес, ресми өтетін шаралардың бірі де емес. Бұл кездесу – жанның еңбегі, ой толғайтын, ой алмасатын уақыт. Бүгінгі студенттеріміздің жанына сепкен қайырымдылық дәні, бір күндері мол жеміс беретініне сенімдімін, - деп бөлісті жастармен Нұрлан Телманұлы.

Кездесу барысыныда С.Торайғыров атындағы ПМУ-дің Ж.Аймауытов атындағы этнопедагогика және білім берудің инновациялық технологияларының ғылыми-практикалық орталығының директоры, п.ғ.д., профессорь Еңлік Жұматаева өз баяндамасында Олжас Сүлейменовтің шығармашылығы – даналар тұғырын орыс тілінде ғаламға танытқан ұлылықтың асқақ жаршысы ретінде ашып береді.

Жиылған көпшілікке С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттік филармония өнерпаздары Олжас Сүлейменов өмірінің бір үзігін театрландырылған композиция арқылы жеткізді. Ақын, қоғам қайраткері, «Қазақ тілі» қоғамының «Ертіс дидары» газетінің редакторы Арман Қани «Каторгадағы» бейбітшіл ел бұрқанған шақ» атты өз еңбегін оқып, көптің көңілінен шықты.

Сондай-ақ кездесу аясында Қазақстанның Құрметті журналисі, Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты, С. Торайғыров атындағы ПМУ профессоры, Е. Бекмаханов атындағы өлкенің тарихы және этнографиясы ғылыми-практикалық орталығының аға ғылыми қызметкері Бижан Жұмасейіт Олжабай батырдың өмірі мен ерлігіне арналған «Шарапатты Олжабай» атты кітаптың тұсаукесерін ұсынды. Ол өз баяндамасында Олжас Сүлейменов жоңғар басқыншылығына қарсы күрескен қазақтың атақты батырларының бірі Олжабай Тойлыбайұлының жетінші ұрпағы екеніне айғақ болатын деректер келтірді.

– Бұл кітаптың соңғы бөлімінде Олжабайдан тараған халықымыздың жарқын тұлғалары туралы жарияланған басылымдар мен публицистикалық мақалалар берілді. Онда әнші, композитор Жаяу Мұса Байжанұлы, Олжабайдың шөбересі танымал академик Әлкей Марғұлан және қазақтың дарынды ақыны, жазушы, ғалым, қоғам қайраткері Олжас Сүлейменовтің есімдері баяндалған, - деді Жұмасейіт Қоғабайұлы.

Шығармашылық кеште Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері Олжас Омарұлының өзіне тікелей сауал қоюына мүмкіндік туды. Студенттер мен профессорлық-оқытушылар құрамы көпшілік біле бермейтін ақынның сегіз қыры мен беймәлім сырын білуге ұмтылды.

Павлодар мемлекеттік университетіне атбасын тіреп келген белгілі жазушы Олжас Сүлейменовке кездесу соңында «С.Торайғыров атындағы ПМУ Құрметті профессоры» атағы табыс етілді.