2014 жылдың 22 қыркүйек күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан халықтарының тілдері күні құрметіне «Тіл – халық мәдениетінің діңгегі» тақырыбына арқау болған дөңгелек үстел өтті.

Аталмыш шара студенттерді басқа диаспоралардың тіл мәдениетінің ерекшеліктерімен таныстырып, және де әр тілдің бірегейлігі мен өзгешілігін ашуға бағытталды.

Дөңгелек үстел университетіміздің көптеген ұлт өкілдерінің басын қосты. Шараға қатысушылар лингвистикалық жағдайды жақсарту бойынша өздерінің мәселелері мен ұсыныстарын алға тартты. Дөңгелек үстел жұмысы барысында қатысушылар өздерінің ана тілдерінің ерекшелігі туралы баяндамаларын ұсынды. С.Торайғыров атындағы ПМУ гуманитарлы-педагогикалық факультетінің «Шетел филологиясы және аударма ісі» кафедрасының студенттері Карина Мержоева мен Махамбет Макулов Қазақстан Республикасындағы ағылшын тілі мен қазақ тілінің тарихын баяндады. Ал, ингуш сөзі мен ингуш тілінің мәдениеті жөнінде қызықты мәліметтерге қанық еткен Гуманитарлы-педагогикалық факультеттің «Психология және педагогика» кафедрасының студенті – Эсет Хайхороева.

Қазақстан халқының тілдері күні ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың 1998 жылғы 20 қаңтар күнгі жарлығымен 22 қыркүйек күні тойланады деп бекітілген болатын. Бүгінде мектеп оқушылары Қазақстан мектептерінде қазақ тілінен өзге онға жуық тілдерді меңгереді. Елімізде ұлттық мәдени орталықтарда тілдерді үйренуге бағытталған жексенбілік мектептер жұмыс жасайды. Сонымен қатар, неміс, корей, ұйғыр, украина тілдерінде газет жарық көріп, алуан түрлі теле-радио бағдарламалар шығып тұрады. Мұның бәрі де Қазақстандағы саны аз ұлт өкілдері өз мәдениетін, тарихын өз туған тілінде білуіне мүмкіндік береді.

Павлодар мемлекеттік университетінің тәрбие жұмысы және әлеуметтік мәселелер департаментінің маманы Тілек Мәсәлімнің айтуы бойынша әр азамат өзінің туған тілінде сөйлеуге құқылы. «Біздің университетте бірінші кезекте ұлтаралық бірлікті, келісім мен ауызбіршілікті нығайтуға бағытталған студенттік «Бірлік» ассамблеясы мен «Қазақстан халықтарының кітапханасы» оқу залы ашылған», - деп мәлімдеді департамент маманы.

Елбасымыздың үштілділік туралы идеясын жүзеге асыру аясында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде көптілді білім беру бағдарламасы іске асып, оқу процесіне қазақ тілі, орыс тілі және ағылшын тілінде оқытуды енгізілген.