2014 жылдың 13 қыркүйек күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің басшылығы, профессрлық-оқытушылар құрамы, қызметкерлері мен бірінші курс студенттері Денсаулық күнін табиғат аясында тойлады.

Денсаулық күніне Павлодар мемлекеттік университетінің «Сұңқар» спорттық клубы, Тәрбие жұмысы және әлеуметтік сауалдар жөніндегі департаменті және Студенттік филармония мұрындық болды.

Спорттық мерекенің мақсаты – салауатты өмір сүру салтын ұстануға ықпал ету, ұлттың денсаулығын нығайту, спорттық ойындарды насихаттау.

С.Торайғыров атындағы ПМУ Даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмысы жөніндегі проректоры, с.ғ.д., профессор Арман Ақышев спорт мерекесінің ашылуында дене тәрбиесі мен спорттың қоғамдағы әлеуметтік мәселелерді – адамдардың денсаулықтарын нығайтуын, жастардың дене тірбиесі мен адамгершілік мәдениетін қалыптастыруға жол ашатынын қадап айтып кетті. «Біздің Президентіміз, Ұлт Көшбасшысы Н.Ә. Назарбаев өз сөзінде дені сау ұлтты қалыптастыру үшін салауатты өмір салтын ұстанудың маңызды екенін бірнеше мәрте атап өтті. Ал біз денсаулық пен спорттық мемлекеттік саясатты барынша қолдаймыз», - деп мәлімдеді Арман Айтмұхаметұлы.

Ауа-райының қолайсыздығына қарамастан Денсаулық күні өз мақсатына жетті. Қызықты спорттық жарыстар мен байқаулар спорт мерекесін көңілді де ерекше өтуіне сеп болды. Бұл күнгі бәйгелерде студенттермен бірге өз спорттық шеберліктерін оқытушылар мен университет қызметкерлері де таныта білді.

Денсаулық күнінің бағдарламасына волейбол, гир көтеру, арқан тарту, армрестлинг пен басқа да спорт ойындарының түрлері енді.

Гир көтеру және армрестлинг бойынша ерлер арасында Металлургия, машинажасау және көлік факультетінің студенті Алмас Мәжит, екінші орынға Гуманитарлы-педагогикалық факультетінің студенті Ермек Толеубеков және үшінші орынға Металлургия, машинажасау және көлік факультетінің студенті Сергей Морсков ие болды. Сондай-ақ, армрестлинг бойынша да Сергей Морсков үшінші орынды иеленді. Ал осы армрестлинг бойынша ерлер арасында жеңіс тұғырынан көрінген Жартылыстану және химиялық технологиялар факультетінің студенті Темірлан Мейрамов болды. Сонымен қатар, әйейлдер арасында бірінші орынды Физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің студенті М.Маутказиева, екінші және үшінші орынды Жаратылыстану және химиялық технологиялар факультетінің студенттері А.Тукуева мен А.Рахимова қанжығаларына байлады.

Туристік эстафетаның қорытындысы бойынша бірінші орынды Металлургия және машинажасау және көлік факультетінің командасы, екінші орынды Агротехнологиялық факультетінің студенттер командасы, үшінші орынды Гуманитарлы-педагогикалық факультетінің командасы жеңіп алды.

Волейбол бойынша бірінші орынды Жаратылыстану және химиялық технологиялар факультетінің командасы, екінші және үшінші орындарды Гуманитарлы-педагогикалық және Металлургия, машинажасау және көлік факультетінің командалары өзара бөлісті.

Арқан тартысу бойынша ерлер арасында бірінші орынды Жаратылыстану және химиялық технологиялар факультеті, екінші және үшінші орындарды Металлургия, машинажасау және көлік әрі Энергетикалық факультеті жеңіп алды. Әйелдер арасында Гуманитарлы-педагогикалық факультеті бірінші орынға, Жаратылыстану және химиялық технологиялар факультеті екінші орынға, Агротехнологиялық факультеті үшінші орынға ие болды.

Спорт мерекесі барысында факультет декандары мен декан орынбасарларынан құрылған команда жемісті де жеңісті ойын көрсетті. Бұл күні белсенді демалысты сүйетіндер өте қызықты уақыт өткізді.