С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдары, т.ғ.к., профессор Вадим Марковский мен PhD докторанты Бауыржан Машрапов энергетика саласындағы инновацияларға арналған индустриалды-инновациялық даму бойынша бизнес кездесуге қатысты.

Айтулы кездесуге «Павлодар облысы индустриалды-инновациялық даму басқармасы» ММ мен «Десента» Қоғамдық қоры мұрындық болды.

Шара энергетика саласына инновациялық технологияларды енгізуге бағытталған тың ғылыми жобалар бойынша жұмыс жасап жатқан кәсіпорындармен таныстыру мақсатын тұтты.

Кездесуге жиналғандарға өздерінің жаңа ғылыми жұмыстарымен С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, техника ғылымдарының кандидаты Вадим Марковский және PhD докторанты Бауыржан Машрапов таныстырды. Вадим Павелұлы өз баяндамасында жылу электр стансаларындағы энергоблоктардың сапасын арттырудың тиімді жолдарын түсіндіріп, бу турбиналарындағы конденсаторлар жұмысының сапалығы мен тиімділігіне ықпал ететін басты факторларға тоқталды. Ал, Бауыржан Ерболұлы өз кезегінде релелік қорғаныспен автоматика құрылысы турасында әңгіме өрбітті.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ғылыми жұмыс және инновация жөніндегі проректоры Нұрлан Ержанов өз сөзінде: «Сіздер ұсынып отырған қуат нарығының жаңа моделіне бағытталған ғылыми жобалар энергетика саласындағы көптеген проблемаларды шешуге септігін тигізіп, және өнім берушілерге, яғни осы саладағы кәсіпкерлерге жаңа құралдарды енгізуді қамтамасыз ететін тетік болып табылатынына сенімдімін», - деп мәлімдеді.

Бизнес кездесуде жалпы жеті жоба ұсынылды. Энергетика саласында қызмет етіп жүрген кәсіпорындар жуырда патенті бар өнертабыстарды өндіріске енгізуді жоспарлап отыр. Бұл қадам арқылы ғалымдар Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың Жолдауының жүзеге асуына ықпал етеді.