2014 жылдың 21 мамыр күні С.Торайғыров ат. ПМУ-да Тарих және құқық факультетінің күні өтті.

С.Торайғыров атындағы ПМУ Тарих және құқық фаультеті 2003 жылдың 20 маусымында құрылған. Факультетте «Қазақстан тарихы», «Әлеуметтану және саясаттану», «Құқықтану», «Қазақстан халықтары ассамблеясы» кафедралары жұмыс жасайды. Факультет құрамында отыздан аса белгілі ғалымдар, профессорлық-оқытушылар бар.

Салтанатты шараны ашқан факультет деканы, саяси ғылымдардың кандидаты, доцент Әмірғали Бегімтаев өз сөзінде факультет ұжымын студенттердің кәсіби біліктілігін арттыру жолында, жоғары білікті маман даярлауда аянбай қызмет етіп келе жатқанын атап кетті. «Біздің факультет еңбек нарығына қажетті білікті мамандарды дайындауда», - деп мәлімдеді Әмірғали Ілияшұлы.

Мерекенің құрметті қонағы Павлодар облысы Прокуратурасының қылмыстық істердің сот актілерін қадағалау бойынша оныншы басқармасының басшысы Радимхан Дубаева Туғанқызы студенттерге табысты білім, өмірлік жеңістер тілеп, шараны ұйымдастырушыларға алғысын білдірді.

Аталмыш факультет студенттері халықаралық, республикалық бәйгелерден әрдайым олжамен қайтады. Сондай-ақ, студенттердің спорттағы жетістігін ауыз толтырып мақтануға тұрарлық. С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың «Тарих» мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттері Е.Бөкетов атындағы ҚарМУ-да өткен тарих пәні бойынша VI Республикалық студенттік олимпиададан ІІ командалық орынды, Рүстем Жолдыбалин жеке есепте ІІІ орынды қанжығасына байлап келді. Ал Алматы қаласында өткен республикалық олимпиадада Гүлсана Әубакирова, Эльмира Біләлова, Диас Шакенов ІІ орынға ие болды. Факультет Сочиде өткен қысқы олимпиадалық ойындарына қатысқан Дария Усанова, джиу-джитсу бойынша әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанған Зайырбек Абылқадыров сынды студенттерімен мақтанады.

Кештің салтанантты сәтінде декан профессорлық-оқытушылар құрамына, қызметкерлерге, магистранттар мен студенттерге еңбектегі және оқудағы табыстары мен факультеттің қоғамдық өміріне белсене атсалысқандары үшін алғыс хат табыс етті.

Кеш студенттер мен оқытушылардың дайындаған мерекелік концертімен ұласты. «Құқықтану», «Әлеуметтану және саясаттану» кафедраларының аға оқытушылары Ерлан Олжабаев пен Дәурен Сүлеков көрермен назарына әуезді ән ұсынды. Қонақтар С.Торайғыров атындағы ПМУ Тарих және құқықтану кафедрасы ұйымдастырған мерекеден көтеріңкі көңіл-күй мен тамаша әсерлерімен қайтты.