2014 жылдың 16 мамыр күні С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің бас ғимаратының кіре берісінде ұлттық асхана жәрмеңкесі өтті.

Қазақстан – 130-ға жуық ұлттар мен ұлыстар бейбіт ғұмыр кешіп жатқан көпұлтты мемлекет. Тәуелсіздгімізді алғалы бері мемлекетіміздің саяси бағыты еліміздегі барша халықтар мәдениетін дамытуы үшін, ана тілдері мен салт-дәстүрлерін қорғау үшін тең құқыққа ие болуына бағытталған болатын.

Шара С.Торайғыров атындағы ПМУ тәрбие жұмысы және әлеуметтік сауалдар бойынша бөлімі, Павлодар мемлекеттік университетінің «Бірлік» студенттік ассамблеясы мен студенттік кәсіподақ ұйымының бірлесіп ұйымдастыруымен жүзеге асты.

Жәрмеңке Қазақ жерінде бейбіт ғұмыр кешіп отырған әр ұлт өкілінің мәдениеті, дәстүрлері, асханасы туралы білімді кеңейту мақсатын арқалап көпшілікке жол тартқан.

С.Торайғыров атындағы ПМУ қабырғасында өтіп жатқан бұл мерекеге университетте білім алып жатқан әртүрлі ұлт пен ұлыс өкілдері қатысты.

Студенттер өздерінің ұлттық яғни, қазақ, украин, орыс, азербайжан, шешен, ингуш халықтарының ең дәмді, ең тәтті, бас асын ұсынды. Бауырсақ, шертпек, шекербура, чапилгаш, хингалаш, тоқаштар мен құймақтар жәрмеңке дастарханының сәніне айналды.

Сонымен бірге, жиылғандарға С.Торайғыров атындағы ПМУ өнерпаздары өнер көрсетті. Студенттік филармония әншісі Әсел Ботаева, Әсел Құлжанова, Гүлнәр Армиянова және азербайжан, шешен, ингуш ансамблдері мен «Ақерке» би студиясының бишілері тойшы қауымға тамаша көңіл-күй сыйлап, шаттыққа бөледі.

Руфина Торпищеваның фотосы