2014 жылдың 13 мамыр күні С.Торайғыров ат. ПМУ-да татар ақыны Мұса Жалилдің құрметіне орай «Үзілген өлең ізімен» атты әдеби кеш өтті.

Мұса Жалил – татар халқының ұлы ақындарының бірі. Өзінің ақын шығармашылығынан бөлек, ер азаматқа тән батылдық пен қайсарлық үлгісін кейінгі ұрпаққа мұра етіп қалдырды. Оның поэзиясы, өмірі және мұңға, шерге толы тағдыры қайтпас қайсарлық пен өрліктің үлгісі екені даусыз.

Мұса Жалилилов Мұстафаұлы қаза болғаннан кейін Ұлы Отан соғысында көрсеткен ерлігі үшін батыр ақынға Кеңес Одағының Батыры атағы берілді Мұнымен қоса, ақын дүниеден озғаннан кейін оның әдебиет пен өнер саласындағы «Моабиттік дәптер» атты өлеңдер циклы үщін Мұса Мұстафаұлына Лениндік және Мемлекеттік премиялар бойынша Комитетінің ұйғарымымен Лениндік премия ұсынылды.

С.Торайғыров атындағы ПМУ-дың ғылыми кітапханасында өткен аталмыш шараның құрметті қонағы ретінде «Павлодар облысы Татар-башқұрт қоғамдық-мәдени орталығы» қоғамдық бірлестігінің өкілдері келді. Орталық өкілдері татар халқының ұлы ақыны хақында жыр шырқап, татар халық әндерін орындады.

Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері Мұса Жалилдің өмірі мен шығармашылығымен танысып, оның туындыларын қазақ, татар, ағылшын, орыс тілдерінде оқыды.

Айтулы әдеби кешке белсене атсалысқан С.Торайғыров атындағы ПМУ студенттері – Жамилә Жұмахан мен Гүлжан Ишімова (Агр.-202 тобы). Жамилә Жұмахан өз сөзінде: «Мұса Жалилдің поэзиясы кез келген жанды тебіренте сезім әлеміне жетелейді. Сондықтан, оның шығармаларын өз басым қызыға да құлшына оқимын», - деді.