С.Торайғыров ат. ПМУ студенттері 2014 жылдың 21-23 сәуір аралығында Алматы қаласында өткен ЕNACTUS KAZAKHSTAN NATIONAL EXPO 2014 студенттік жастардың әлеуметтік және бизнес жобалардың ұлттық байқауында жүлделі орыннан көрінді.

Павлодар мемлекеттік университеті командасы құрамында Металлургия, машинажасау және көлік факультеті, Сәулет-құрлыс факультеті және Энергетикалық факультетінің 16 студенті болды. Металлургия, машинажасау және көлік факультетінің аға оқытушысы Мұқанов Русланның жетекшілігіндегі осы факультеттің 3 курс студенті Қасымова Бақытгүл айтулы додада үшінші орынды қанжығасына байлады.

ENACTUS – бұл студенттердің әлеуметтік, экологиялық және экономикалық мәселелердің шешіміне бағытталған кәсіпкерлік жобалардың халықаралық бағдарламасы. Мұнымен қоса, бұл байқау белсенді студенттер мен іскер көшбасшыларды бір арнаға тоғыстыруға сеп болады. Бұл бағдарламаға әлемнің 39 мемлекеті атсалысып, кәсіпкерлер, демеушілер мен меценаттар қатысады.

Мұнымен қоса, әлеуметтік, экономикалық және экологиялық факторларды ескере отырып жастар адам тұрмыс деңгейін көтеруге құштар. Әсіресе, студенттер өздерінің білімдері мен іскерлік қабілет-қарымымен әлеуметі төмен топ өкілдеріне көмектесуді көздейді. Сондай-ақ, студенттер өздерінің кәсіптерін аяқтандырып, басқаларға да кәсіпкерліктің негіздерін үйретуде.

Байқау барысында жоғары оқу орнында алған теориялық білімін студенттер тәжірибе жүзінде қолданып, іскерліктің қыр-сырын үйренді, көшбасшылық қабілеттерін ұштап, білікті мамандардың шеберлік сыныбына қатысты.

Байқаудың нәтижесі бойынша С.Торайғыров атындағы ПМУ командасының бәйгеге қосқан жұмыстары келешекте зор үміт күттірер әрі әлеуметтік сала нарығында сұранысқа ие болатын жобалар ретінде танылды. Павлодар мемлекеттік университетінің кмандасына ЕNACTUS KAZAKHSTAN NATIONAL EXPO 2014 мүсіншесі, С.Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Серік Өмірбаевқа алғыс хат, ал команданың әрбір мүшесіне байқауда байқатқан жоғары жетістіктері үшін сертификат табыс етілді.