2014 жылдың 15 сәуірінде С.Торайғыров ат. ПМУ-дың Ғылыми кеңес залында «Жоғары оқу орнындағы этникааралық келісімді дамыту бойынша төзімділік мәдениетін қалыптастыру әдістемесі» тақырыбында семинар-тренинг өтті.

Аталмыш шараны С.Торайғыров атындағы ПМУ Тәрбие жұмысы және әлеуметтік сауалдар жөніндегі департаменті «Бірлік» студенттік ассамблеясымен бірлесіп ұйымдастырды.

Семинардың мақсаты: өскелең ұрпақты ұлттар арасындағы төзімділікке тәрбиелеу, ұлтына, әлеуметтік тобына, сеніміне, көзқарасына, дүниетанымына, ойлау және өзін-өзі ұстау тәртібіне қарамастан кез келген топ өкілдерімен дұрыс қарым-қатынас орнатуға шақыру.

Этносаралық және конфессияаралық келісімді, азаматтық бірлікті қамтамасыз ету Қазақстан дамуының, елдің әлеуметтік, экономикалық, саяси дамуының маңызды шарты болып табылады. Сондықтан Павлодар мемлекеттік университеті студенттік жастарының арасында ұлттар мен ұлыстар арасында төзімділік мәдениетін қалыптастыру өте маңызды да күрделі қадам саналып отыр.

Семинар жұмысында зорлық-зомбылық пен агрессияның кез келген түріне негативті пікір қалыптастыру, ұлтаралық, дінаралық қарым-қатынасты орната білетін қабілетті дамыту, бір-бірінің дүниетанымына қарамастан әлеуметтің қай өкілімен болса да қарым-қатынас құра білу, бір-біріне төзімділік танытуды арттыру және де төзімділік шекарасын анықтай білу қабілетін дамыту сынды өзекті мәселелер қаралып, талқыға салынды.

Айтулы шараға «Бірлік» студенттік ассамблеясының мүшелері, университеттің жастар ұйымдары, студенттік жастар және Тәрбие жұмыстары және әлеуметтік сауал бөлімінің мамандары қатысты.