С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Гуманитарлық-педагогикалық факультетінің студенттері Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының 70 жылдығына орай ұйымдастырылған Республикалық студенттік олимпиадасының лауреаттары атанды.

Аталмыш олимпиада болашақ мамандардың кәсіптік қабілеттерін дамытуды, талантты әрі дарынды студенттерді іріктеп, оларға қолдау көрсетуді мақсат етеді.

Байқау талаптарына сай  қатысушылар екі түрлі бағыттағы музыкалық шығарма дайындау қажет. Өнер сайысының нәтижесі бойынша «Орындаушылық өнер» кафедрасының студенті Салима Сапарова (МО-402 тобы) «Баян, аккордеон» номинациясы бойынша ІІ дәрежелі дипломды иеленді. Республикалық олимпиада лауреаттары қатарында Айдана Габнасырованың есімі аталып, ІІІ дәрежелі дипломмен марапатталды.

Мұнымен қоса, шара аясында студенттер ҚР еңбегі сіңген әртісі, Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясының профессоры А.М.Гайсиннің шеберлік сыныбына қатысты. Және де жас әртістер ҚР мәдениет қайраткері, доцент, Қобыз және баян кафедрасының меңгерушісі З.Н. Смакованың  шығармашылық концертін тамашалады.

Лауреаттардың бірінің жетекшісі Назымбек Дүкенбайдың айтуынша осындай өнер додалары студенттердің бір-бірімен тәжірибе алмасуыларына, кәсіптік білім мен біліктілікті арттыруларына сеп болады.

«Олимпиада талантты да бәсекеге қабілетті жастарды тануға, оларды жұмыспен қамтуға және мәдениет пен өнер кадрларын толықтыруға зор мүмкіндік береді», - деді өз сөзінде С.Торайғыров атындағы ПМУ Орындаушылық өнер кафедрасының меңгерушісі Данияр Мерғалиев.