2014 жылдың 1 наурызында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының салтанатты ашылуы өтті.

Аталмыш кафедраның салтанатты ашылу рәсімін 1 наурызда өткізілуінің себебі – осы күні 1995 жылы Қазақстан халқы Ассамблеясы құрылған болатын.

С. Торайғыров атындағы ПМУ-да өткен іс-шараға Павлодар облысы әкімінің орынбасары Арын Өрсариев, Павлодар облысы Қазақстан халқы ассамблеясы хатшылығының жетекшісі Сейсембай Жетпісбаев, «Беларусь» мәдени орталығының жетекшісі Любовь Богнат, болгар ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Валентина Шатова, грек ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Людмила Ифандопуло, еврей ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Фаина Свечинская, карачаев-черкес және кабардин-балқар ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Мария Байрамкулова, славян ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Татьяна Кузина, чуваш ұлттық-мәдени орталығының жетекшісі Елена Сафронова қатысты.

Іс-шараны ашқан ПМУ-дың Даму стратегиясы, тәрбие және әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректор, саяси ғ.д., профессор Арман Ақышев өз сөзінде былай деді: «С. Торайғыров атындағы ПМУ-да Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасының ашылуын қоғамдағы ұлттық келісімді нығайту ісіне қосқан үлесіміз деп білуіңіз керек. Университетте ұлттар арасындағы бірлік пен достықты күшейту бағытында өткізілетін әрбір жоспарлы жұмыстар болашақ қазақстандықтардың жоғары толеранттылық мәдениетті ұрпағын қалыптастыруына өз септігін тигізеді».

Кафедраның салтанатты ашылу рәсімінде сөз сөйлеген Арын Өрсариев ПМУ басшылығына атқарған жұмысы үшін алғыс білдіре отырып, өз сөзінде: «Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасы болашақта ғылыми-тәжірибелі кеңестер және этникааралық келісім бойынша шаралар өткізетін диалогтық алаң болатыны сөзсіз» деді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., доцент Гульфайрус Жапекова Қазақстан халқы Ассамблеясының Павлодар облыстық филиалының жетекшілігіне және ПМУ басшылығына еліміздегі қоғамдық-саяси тұрақтылықты сақтау ісіне қосқан үлесі үшін өз алғысын білдірді.

Іс-шараға қатысқан Танзила Сычоева С. Торайғыров атындағы ПМУ студенттері атынан Елбасымыздың жүргізіп отырған саясатын қолдайтынын білдіріп, Қазақстан халқы Ассамблеясының кафедрасының ашылуы еліміздегі ынтымақтастық пен келісімді нығайтудағы тағы бір қадам деп есептейтінін айтты.

Салтанатты іс-шара ПМУ-дың Ғылыми кенес залында өз жалғасын тапты. Отырыс барысында жиналған қауым кафедраның ары қарай өткізілетін жұмыс бағыттарын талқылады.