С.Торайғыров ат. ПМУ-дың Әлеуметтану және саясаттану кафедрасы мен «Насихат» саяси-құқықтық клубымен бірлесе деструктивті мінез-құлық негіздері бойынша дөңгелек үстел өткізді.

Аталмыш шара студенттердің деструктивті мінез-құлық тақырыбы аясында ақпарат беруді мақсат тұтты.

Дөңгелек үстелге С.Торайғыров атындағы ПМУ профессорлық-оқытушылар құрамы мен студенттері қатысты.

Қатысушылар деструктивті мінез-құлық пен әумесерлік мінез-құлық арасындағы байланыстың ара жігін ашуға тырысты. Мұнымен қоса, митингтер мен ереуілдерге қатысу жөніндегі заңдарды, мұндай шараларды өткізу турасында мемлекеттік органдарға қанша уақыт бұрын мәлімдеу керектігі және өз көзқарастары мен талаптарын жеткізудің заңды жолдары туралы талқылады.

Студенттер қоғамдағы өзекті мәселелерді саралап, митингтер мен ереуілдерді өткізуге қатысты заңдар туралы әрі «деструктивті мінез-құлық» ұғымына өз көзқарастары мен пікірлерімен бөлісті. Дөңгелек үстелдің модераторы, Павлодар мемлекеттік университетінің Әлеуметтану және саясаттану кафедрасының меңгерушісі, с.ғ.к., доцент Ильдар Қалиев пен кафедра оқытушылары студенттерді мазалаған сұрақтарды жауапсыз қалдырмады.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері дөңгелек үстелге арқау болған тақырып аясында пікір алмасып қана қоймай, күнделікті өмірде маман кеңестерін қолдануды жөн тапты. Жалпы, еліміздің болашағы үшін жастарды тәрбиелеудің маңызы зор. Сондықтан да, бүгінгі студенттік жастардың деструктивті әдетке жат екендіктерін жиын барысынан аңғару қиын болмады.