2014 жылдың 20 ақпан күні С. Торайғыров ат. ПМУ-дың концерттік залында «Білім+» жобасы бойынша «Рухани қауіпсіздік мәселесіндегі қазақ халқының салт-дәстүрінің рөлі және мағынасы» тақырыбында студенттерге дәріс оқылды.

Ұрпақтан ұрпаққа мұра болып жеткен ұлттық әдет-ғұрып, салт-дәстүрлерін сақтау әр халықтың мәдениетінің құрамды бөлігі болып табылады. Қазақ халқының әдет-ғұрпы, салт-дәстүрі бірнеше ғасырлар бойы қалыптасқан. Қазақ салт-дәстүріне, әдет-ғұрпына көшпелі тұрмысына ислам өзінше діні әсер еткен.

Қазіргі уақытта жас ұрпақтың қызығушылығы өткенге қайта бет бұруда. Осыған орай, 2014 жылдың 20 ақпанында «Білім+» жобасы бойынша С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Концерттік залында тарих және құқық факультетінің, гуманитарлық-педагогикалық факультетінің, химиялық технологиялар және жаратылыстану факультетінің студенттері мен магистранттары үшін филол.ғ.к., профессор, Қазақ тілі кафедрасының меңгерушісі Айман Файзоллақызы Зейнулинаның «Рухани қауіпсіздік мәселесіндегі қазақ халқының салт-дәстүрінің рөлі және мағынасы» тақырыбында кезекті дәрісі өтті.

Дәрістің мақсаты – патриотизмді қалыптастыру, студенттерді қазақ халқының салт-дәстүрі мен әдет-ғұрпымен таныстыру арқылы рухани-адамгершілік құндылықтарын нығайту.

Дәріс барысында ұлттық салт-дәстүр болашағы – имандылық кепілі, дін діңгегі деп белгіленді. Осы тұрғыдан, Айман Файзоллақызы қазақ халқының салт-дәстүр мен әдет-ғұрып туралы ақпараттық-танымдық материалдармен таныстырды. Мысалы, қазақтың мәрттік, мырзалық, азаматтық қасиетін білдіретін салттарының бірі – «байлау», ежелгі әдет-ғұрыптардың бірі «бәсіре атау», ата-анасы баласына арнап жас төлге ен салады да оны «бәсіре» деп атаған. Дәріскер осы сынды ұмытылып кеткен игі дәстүр, ғұрыптарды паш етті жастарға.

Және слайдтар арқылы жас жігіттер мен қыздар заманауи киімдерді үйлестіре отырып қазақтың ұлттық киімдерінің үлгісін ұсынды.

Дәрістің соңында студенттер Айман Файзоллақызы Зейнулинаға берілген құнды мәліметтер үшін және «Білім+» жобасының үйлестірушісі Этносаралық және конфессияаралық үрдістерді зерттеудің аймақтық-ғылыми практикалық орталығына алғыстарын жеткізді.