С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Журналист шығармашылығындағы жаңа инновациялық технологиялар» атты кітаптың тұсау кесері болды.

Айтулы еңбектің авторы журналистика саласының ардагері, «Журналистер Одағы» премиясының лауреаты, КСРО телевизиясы мен радиосы үздігі, «Қазақстанның құрметті журналисті», «Облыс алдындағы ерен еңбегі үшін» белгісінің иегері, С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры, Е.Бекмаханов атындағы тарих және этнография ғылыми-практикалық орталығының бас ғылыми қызметкері Жұмасейіт Бижан.

Жұмасейіт Қоғабайұлы Павлодар облыстық телеарнасының алғаш қадам басып, құрылуына атсалысқан маман. Ол «Замандастар тағылымы» кітабының, С.Мағзұмовпен бірге жарыққа шығарған «Ардақты елім Ақтоғай», «Дала уалаяты» газеті (1888-1902): жеке тұлға және қоғам» монографиясы және 50-ден аса ғылыми мақалалар мен «Көзқарас», «Дәуір» шығармашылық телерадио бағдарламалардың авторы.

Айтулы оқу құралында автор журналистика саласындағы инновациялардың маңыздылығы туралы оқырманға түсінік береді. Өте жылдам дамып жатқан ақпараттық технологиялар арқылы БАҚ әр күннің жаңалығын уақытылы да сапалы жеткізіп келетіні анық. Еңбекте заманауи технологиялар мен қоғам талабына жауап бере алатын «инновациялық журналистиканың» бүгінгі қызметі айқын бейнеленеді.

Жұмасейіт Қоғайбайұлының әріптестерінің айтуынша ол заманның әр қилы кездерінде, жаңалықтарды жасудың өзі қиын болған уақыттары да сапалы дүниелерді дүниеге әкелген. Жұмасейіт Қоғабайұлы өтпелі кездің ауырлығына қарамастан жаңалықтарды халыққа ұтымды да өткір жеткізудің жолдарын білген өз ісінің шебері бола білді. Ол тарихи белестердің куәгері болды, әрі сол тарихты ұшқыр қаламымен жаза білген де өзі.

Аталмыш оқу құрал журналистика мамандығы бойынша білім алып жүрген студенттерге таптырмас оқулық. Мұнымен қоса, шара барысында еңбектің авторына әріптестері мен ПМУ ғалымдары жүрекжарды лебіздерін арнап, шығармашылық табыстар тіледі.