С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын талқылау бойынша ұжымның кеңейтілген жиналысы өтті.

Жиналысқа жоғары оқу орнының басшылығы, факультет декандары, кафедра меңгерушілері, құрылымдық бөлім жетекшілері қатысты.

Мемлекет Басшысының «Қазақстан – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халқына арнаған Жолдауы еліміздің даму белестерін бағындыруды көздейтін бағдарламалық құжат екені даусыз. Аталған құжатта Ұлт Көшбасшысы Қазақстан жаһанның дамыған 30 ел қатарына өту жоспарын ұсынды. «Көптеген болжамдар бойынша, алдағы 15-17 жыл Қазақстанның ауқымды серпілісі үшін «мүмкіндіктер көзі» болмақ. Бұл кезеңде сыртқы ортаның қолайлығы, ресурстарға, энергияға және азық-түлікке сұраныстың артуы, Үшінші индустриялық төңкерістің пісіп-жетілуі сақталады. Біз бұл кезеңді пайдалана білу тиіспіз», – деді Нұрсұлтан Әбішұлы Жолдауында.

Жиналысқа қатысушылар еліміздің тарихи маңызды құжатының негізгі бағыттарын талқылап шықты. Елбасы Жолдауында жүктеген мақсаттар мен міндеттер ұжымның ғылыми табысты еңбегіне жетекші болары анық.

Кездесуде Жолдаудың басты қағидаттарын, мақсаттары мен міндеттерін түсіндіруді арқау еткен баяндамасын Қазақстан тарихы кафедрасының меңгерушісі Қайрат Батталов ұсынды. Қаржы-экономикалық факультеттің деканы Тахир Эрназаров қазақстандық экономиканың негізі шикізат өнімінен құралған экономикадан негізі білімнен құралған экономикаға өтуі турасында көпшілікпен бөлісті. Ал, қазақстандық ЖОО-ның инновациялық жобалары туралы Инновациялар мен трансферт технологиясының аймақтық орталығы директоры Сергей Смаилов сөз қозғады. Агротехнология кафедрасының профессоры Сембек Арыстанқұлов Президент Жолдауында белгіленген ауылшаруашылық мәселелерін шешуде С.Торайғыров атындағы ПМУ ғалымдарының үлесі жөнінде тақырыпты өз баяндамасына өзек етті. Мемлекет Басшысының саясатын қолдау мақсатында студенттік жастар атынан «Тарих» мамандығы бойынша білім алып жүрген 2 курс студенті Төлеген Сәрсенов Жолдау міндеттерін талқыға сала отырып, разы көңілін білдірді.

Жиналыс соңында ҚР Тұңғыш Президенті Н.Ә.Назарбаевтың «Қазақстан жолы – 2050: бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» Жолдауын түсіндіру және жүзеге асыру жұмыстары бойынша С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде өтетін алдағы іс-шаралар жоспарын жасау туралы шешім қабылданды.