С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде 2014 жылдың 13 қаңтарынан бастап Болондық оқу үрдісінің параметрлері бойынша профессорлық-оқытушылар құрамына арналған ректордың бастамасымен дәстүрлі әдістемелік апталық басталды.

Әдістемелік апталық барысында еуропалық жоғары білім беру трендтерінің өзектілігін талқылауға арналған семинар өз жұмысын жасайды. Семинарға С.Торайғыров атындағы ПМУ декандары мен кафедра меңгерушілері қатысады.

Семинар жұмысында «Модульдік оқу бағдарламасын құру барысындағы Дублиндік дескрипторларды іске асыру», «Кредиттік оқыту жүктемесін жоспарлау», «Білім алушылардың оқу жетістігін бақылауды ұйымдастыру» және басқа да қызықты да өзекті тақырыптар талқыға салынды.

Сонымен қатар, семинарда Болондық үрдістің параметрлік көрсеткіші – білім берудің жинақтау жүйесі, оқу бағдарламаларын жоспарлауды оңтайландыру, студенттердің оқу жетістігін қадағалайтын электрондық журналды жетілдіру, модульдік оқыту бағдарламаларын қалыптастыру үшін заманауи талаптар сынды мәселелер қарастырылатын болады.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры, э.ғ.д., профессор Серік Өмірбаев өз сөзінің барысында: «Бүгінгі күнгі қазақстандық білім беру саласының инновациялық ағыммен дамуы Болондық үрдістің жалпы бағыттарымен тікелей байланысты. Университетте өтіп жатқан әдістемелік апталықта кең ауқымда талқыланатын, сараланатын мәселелер шешімі ұлттың интелектуалдық мүмкіндіктерін өсіруіне және бәсекеге қабілетті ұлттың қалыптасуына оң ықпалын тигізуіне үлесін қосарына сенімім бар», - деді.