Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігі күніне орай С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Аударма ісінің теориясы мен практикасы кафедрасының оқытушылары мен студенттері бір-біріне жүрекжарды алғыстарын білдіріп, мерекелік шара ұйымдастырды.

Шараның мақсаты Қазақстан Республикасында өмір сүретін барша халықтар мен ұлт өкілдеріне құрмет таныту, яғни студенттік жастарға ұлттық бірлік пен қоғамдағы келісім қағидаттарын сіңіру болып табылады.

Мерекені ұйымдастырушылар: С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Аударма ісінің теориясы мен практикасы кафедрасы.

Шуақты мейрам өнерпаздары шара қонақтары болған ЖОО-ның факультеттерінің оқытушылары мен студенттері назарына әртүрлі халықтардың мәдениеті фестивалін ұсынды.

Америкалық мәдениеттің жаршысы болып АІ-201 тобының студенттері өнер көрсетті. Мексикалық әндерді әуелетіп, мың бұрала би билеп, «Пиньята» ойынын ойнаған АІ-301 тобы жиылған жұрттың көңілін көтерді. Ағылшынның дәстүрлі «Моррис» биін билеп шыққан АІ-401 тобы, жапондықтардың амандасу мәдениеті мен биін ұсынған ПД-202 тобы, неміс мәдениетінен хабардар еткен ПД-302, түрік өнерімен сусындатқан АІ-101 тобы және қазақтың «Қаражорға» биі қонақтарға қазақ өнерінен шашу болды.

Кафедра меңгерушісі, ф.ғ.к., Галина Демесинова осы сынды шаралар студенттердің шығармашылығын дамытуына ықпал етеді, сонымен бірге, ұлттар арасындағы төзімділік пен жоғары мәдени тәрбиені қалыптастырады деп, өз тарапынан зор ілтипатын танытты.