2013 жылдың 15 қарашасында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде ПМУ Жастар істері жөніндегі комитетінің белсенді мүшелері Қазақстан Республикасының Ұлттық валюта күнінің 20 жылдығына орай флэшмоб ұйымдастырды.

Шараның басты мақсаты – еліміздің төл мерекесі ҚР Ұлттық валюта күнінің маңыздылығын көрсету, студенттер арасында патриоттық сезімдерді, еліне деген сүйіспеншілігін арттыру, ауызбіршілікті насихаттап, студенттерді университеттің белсенді өміріне қатыстыру.

Қазақстан Республикасы Президентінің 1997-ші жылғы 13 қарашадағы Жарлығымен Ұлттық валюта күні еліміздегі қаржы жүйесі қызметкерлерінің кәсіби мерекесі болып жарияланды. Ұлттық ақшамызды айналымға енгізу – Тәуелсіздігіміздің қалыптасуына, сондай-ақ еліміздің экономикалық және саяси өміріне зор ықпалын тигізген ірі оқиға болды. Бұл мемлекетіміздің өздігінен ақшалай-несиелік саясатын жүргізуде үлкен мүмкіндіктерге жол ашып, зор бетбұрыс жасаған батыл қадам еді.

Шара барысында С. Торайғыров атындағы ПМУ Жастар істері жөніндегі комитетінің студенттері арнайы флэшмоб биін билеп, ұлттық валютаның символдарын фигуралар жасау арқылы көрсеткен болды.

Осы флэшмоб арқылы жастарға көтеріңкі көңіл-күй ғана сыйлап қоймай, ұлттық валютаның маңыздылығын көрсетілген болатын.