С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Қазақстанның ауыл шаруашылығы соғыстан кейінгі кезеңде: мәселенің тарихнамасы» атты кітабының тұсаукесері өткізілді.

Кітап авторлары: тарих ғылымдарының докторы, ҚР Әлеуметтік ғылымдар Академиясының корреспондент-мүшесі, Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ жанындағы Тарих ғылымдары бойынша диссертациялық кеңес мүшесі Роза Қадысыва және тарих магистрі, С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың Қазақстан тарихы кафедрасының аға оқытушысы Аслан Әзербаев.

Роза Жұмабайқызы – 100-ден астам ғылыми және оқу-әдістемелік жұмыстарының авторы, соның ішінде 5 монография және шетелде шыққан еңбектері бар. Қазіргі таңда – Павлодар облысының Мәдениет басқармасының басшысы.

Аталмыш монографияда Қазақстан ауыл шаруашылығының 1946 – 1985 жылдарындағы тарихы, заңдылықтар мен ерекшеліктері зерттелген. Сонымен қатар, авторлар келесі үрдістерді қарастырды: кеңестік кезеңнің тарихнамасы, 1980-жылдар ортасында басталған қайта құру кезеңінің тарихнамасы, кеңестік кезеңнен кейінгі дәуірінің тарихнамасы.

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Дамыту стратегиясы бойынша және тәрбие мен әлеуметтік жұмыс жөніндегі проректоры, с.ғ.д., профессор Арман Әкішевтің айтуы бойынша, Елбасымыз Н.Ә. Назарбаев ұсынып отырған «Тарих толқынындағы халық» ауқымды бағдарламасының аясында «Қазақстанның ауыл шаруашылығы соғыстан кейінгі кезеңде: мәселенің тарихнамасы» монографиясы жастар үшін және тарих ғылымы саласына игілікті қызмет еткен тарихшылар үшін маңызды оқу құралы болып табылады.