2013 жылдың 2 тамызында С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Инновациялар және технологиялар трансферті аймақтық орталығында «Кәсіпорындағы қуат үнемдеу» атты семинар-кеңес өтті.

Соңғы жылдары елімізде энергияның баламалы түрлерін өндіруді дамытуға жағдай жасалынып, күн мен желдің энергиясын пайдаланатын технологиялар («жасыл» энергетика) белсенді енгізілуде. Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев VII Астана экономикалық форумында жасаған баяндамасында «Жасыл» экономикаға көшудің жүйелі әрі кезеңдік негізін қалыптастыру керек», – деп баса айтқан болатын.

Аталмыш іс-шараға «Kaztonika» ЖШС, «Asterra» ЖШС энергетикалық аудит мамандары (Астана қ.), «ҚазЭкоТерм» ЖШС қуат үнемдеу бойынша ғалымдары (Астана қ.), Павлодар, Ақсу қалаларының өнеркәсіптік кәсіпорын өкілдері қатысқан.

Сонымен қатар, семинар-кеңеске С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің инновациялық технологиялар саласындағы ғалымдар қатысқан, атап айтсақ, «Ертіс» Ғылыми-технологиялық парктің директоры Жұмабек Омаров, Инновациялар және технологиялар трансферті аймақтық орталығының директоры Сергей Смайлов, Энергетика факультетінің деканы, т.ғ.к., профессор Александр Кислов, Металлургия машинажасау және көлік факультетінің оқытушылары.

Семинарда талқыланған мәселелердің бірі – елімізде жел турбиналарын және олардың негізінде жел электрлік станцияларын құру.

Болашақта С. Торайғыров атындағы ПМУ-дың «Ертіс» Ғылыми-технологиялық паркінің негізінде аймақтық қуат үнемдеу орталық ашылуы жоспарланған.