С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің Қазақстан халқы Ассамблеясы кафедрасының меңгерушісі Сәуле Мамытова «Сібір-Еуразия» сарапшылар клубының шақыртуымен «Ресей және Қазақстан тарихындағы ХХ ғасыр» халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференцияға қатысты.

Бұл кездесу еуразиялық ықпалдастық заманауи үрдістер бағытында өзара тиімді тарихи тәжірибені зерттеу әрі үгіттеу негізінде көршілік байланысты және шекаралық ынтымақтастықты нығайтуға бағытталды.  

Конференция жұмысы Ресей Ғылым академиясы Сібір бөлімінің тарих институты, РФ Президенті жанындағы мемлекеттік қызмет және халық шаруашылығының Ресей академиясының филиалы – Сібір басқару институтының және қазақстандық ғалымдар мен қоғам қайраткерлерінің басын қосты.

Тарих ғылымдарының докторы Сәуле Мамытова өз баяндамасында Қазақстан мен Ресей арасындағы тарихи қалыптасқан достық қарым-қатынас туралы сөз етті.

– Қазақстан мен Ресей арасындағы көршілік қатынастардың ерекше дамуына әлемдегі ең ұзақ аймақты алып жатқан шекарасының болуы ғана ықпал етіп жатқан жоқ.  Оған бірнеше ғасырлар бойы екі елдің халықтарына ортақ құндылықтары және біріңғай мәдени кеңістікті құруы себеп бола алды. Осылайша, көрші мемлекеттер өзара қарым-қатынас орнатып, дамып келеді. Бұл үрдістердің дамуына өз кезегінде ғылым және білім мекемелері де өз үлестерін қосуда, – деді Сәуле Нәсенқызы.   

Кездесуде С. Торайғыров атындағы ПМУ мысалында еуразиялық ғылым-білім ықпалдастығының тәжірибесі ұсынылды. Әсіресе, қатысушылар Павлодар мемлекеттік университетінің сібірлік жоғары оқу орындарымен ынтымақтастығы саласындағы жетістіктері мен келешегіне назар аударды. 

Конференцияда Ресей мен Қазақстанның тарихшылары арасындағы кәсіби байланыстың нығайуына, екі ел арасындағы тарихи зерттеулердің келешектегі бағыт-бағдарын анықтауға, сондай-ақ, кейбір дискуссиялық мәселелердің жалпы ұстанымдарын жасауға жол салынды.