С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде Қазақстан Республикасының «Ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру туралы» Заңын түсіндіру мақсатында кездесу өтті.
Павлодар мемлекеттік университетінің ғалымдарымен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі Ғылым комитеті төрағасының орынбасары Ләззат Құсайынова және Қазақстан Республикасы Призидентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының докторанты Бекет Алиғожин келді.
Шараға С. Торайғыров атындағы ПМУ декандары, ғалымдар, профессорлық-оқытушылар құрамы, докторанттар, Павлодар облысының индустриалды-инновациялық даму басқармасының өкілдері және кәсіпкерлер қатысты.
Заңдық құжаттың мақсаты инновациялық жобаларды енгізу деңгейін арттыру және жоғары технологиялық өндірісті дамыту. Құжатта ғылыми және ғылыми-техникалық қызмет нәтижелерін коммерцияландыру көзделіп, оны мемлекеттік шаралар арқылы ынталандыруды жүзеге асыру, коммерцияландыру жобаларының гранттық қаржыландыруы қарастырылған.
Кездесу барысында Ләззат Құсайынова мен Бекет Алиғожин ғалымдардың ғылыми жобаларын комерцияландырудың заң аясындағы жолдары мен тиімділігі турасында сөз қозғады. Олар ғылыми жұмыстарды Заң аясында даярлау және өндіріске бағыттау, қаржыландыру, патенттеу, заңды құқықтар туралы тәтпіштеп баяндап берді.
Ләззат Құсайынованың мәлімдеуінше, ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландыру туралы заң ғалымдардың жұмысына кедіргі келтірмеуді, олардың құқығын қорғауды көздейді.
– Заңда жоғары оқу орындарының ғылыми қызмет нәтижелері авторларын қолдау шаралары назардан тыс қалмады. Сондай-ақ, инновацияларды енгізу бойынша жұмыстарды қаржыландыру тетіктері, ғылыми гранттар мен бағдарламалардың құрылымын индустриялық-инновациялық даму бағдарламасының қажеттіліктеріне қайта бағдарлау қарастырылды, – деді Ләззат Абайқызы.
С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры Арын Өрсариев ғылыми және ғылыми-техникалық қызметті коммерцияландыру туралы заң бүгінгі күні ғалымдар үшін өте қажет екенін айтты.
– Бұл заң елдің экономикасын дамытуға бағытталып отыр. Бұдан біздің ғалымдар ұтпаса, ұтылмайды. Ғалымдардың еркін жұмыс жасауына мүмкіндік беруге жол салынады. Заң авторға да, жоғары оқу орындарына да кері әсер етпеуін қарастырған, – деді университет басшысы.