Биыл қазақ әдебиетінің айтулы тұлғасы, классик жазушы, аудармашы, драматург, Алаш арысы, жерлесіміз Жүсіпбек Аймауытовтың туғанына – 130 жыл толып отыр. Тау тұлғаның есімін ұлықтау мақсатында Баянауылдағы Ж.Аймауытовтың кіндік қаны тамған ауылда бірқатар әдеби-рухани шара ұйымдастырылды.

Алаштың аймаңдай ұлдары туған қасиетті Баянауыл топырағына ағымдағы жылдың 27 – 28 қыркүйек аралығында өңірдегі игі жақсылардың барлығы, яғни облысымыздың бір топ ғалымдары мен зиялы қауым өкілдері дерлік жиналды. Шараны ұйымдастырудағы басты мақсаты – Елбасымыздың «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламасындағы «Ұлы Даланың ұлы тұлғалары» жобасын жүзеге асыру. Өз деңгейінде айтылмай, толыққанды зерттелмей жатқан Жүсіпбек Аймауытұлы секілді арда азаматтарды жас ұрпаққа насихаттау. Сондықтан да ұйымдастырушы тарап бұл жолы тұлға жайлы танымдық бағыттағы жұмыстарға көбірек көңіл бөлді.

Жүсіпбек атамыздың есімін ұлықтау шараның басты діттеген мүддесі. Осы бағытта бүгін тау тұлғаның есімін арқау ете отыра мұғалімдер арасында тұңғыш рет екі бағыттан тұратын облыстық конкурс ұйымдастырылды. Сондай-ақ Баянауыл аудандық «Жүсіпбек оқуларында» оқушылар да бақ сынады. Байқауларға өңірімізге белгілі Жүсіпбектанушы ғалымдар баға беріп,қазылық жасады.

Мұғалімдер арасында алғаш рет ұйымдастырылған Жүсіпбек Аймауытов атындағы байқауға өңіріміздегі әрбір аудан-қаладан үміткерлер қатысып, білімдері мен тәжірибелерін ортаға салды. «Оқу-білім-жанған шырақ, ойласаң» тақырыбындағы тест тапсырмалары бойынша өткен бәсекеде Екібастұз қаласындағы Абай орта мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Қарлығаш Тәшенова бас жүлде иеленді. Ал «Сөз жампозы - Жүсіпбек» эссе жазу бағытында өткен сайыста Баянауыл ауданы, Аймауытов ауылдық мектебінің қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Салтанат Әбілдинаға тең келер ешкім болған жоқ. Сондай-ақ оқушылар арасында өткен аудандық «Жүсіпбек оқуларында» білімі озып, бағы жанғандар жүлдегер атанды. «Ж.Аймауытов шығармашылығы» секциясында Ж.Аймауытов атындағы орта мектептің 9-сынып оқушысы Диана Дүйсен жеңімпаз атанды. Ал «Ж.Аймауытов танымы» шығармашылық сайысында жазушының өз ауылының 11- сынып оқушысы Гулнарзан Иманбектің мерейі үстем болды. Сондай-ақ «Ж.Аймауытов тұлғасы» секциясына қатысқан үміткерлер арасынан баянауылдық Ақши ауылының 9-сынып оқушысы Жаннұр Жүнісбекова өзгелерден үздік шықты.

Сондай-ақ бұл күні Ж.Аймауытов тұлғасын терең таныта түсу үшін өңірімізге белгілі ғалымдар «Қызылтау – қыран ұшқан қиясынан» тақырыбында танымдық лекция оқыды. Атап айтқанда, облыстық «Ақбеттау» журналының бас редакторы, өлкетанушы Сайлау Байбосын, филология ғылымдарының кандидаты, С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры, ақын Серік Елікбай, тіл жанашыры, филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Зейнулина қатысушыларға арнап дәріс оқыды. Сонымен қатар ауыл мектебінде «Жаңартылған білім мазмұнымен оқытудың әдіс-тәсілдері» тақырыбында мұғалімдеге арналған облыстық біліктілікті арттыру семинары өтті.

Осылайша қазақ әдебиетінің алдаспаны – Жүсіпбек Аймауытовтың туған топырағында бас қосып келелі атқарылатын мәселелерді де сөз қылдық. Жүсіпбек артына мол мұра қалдырғанымен, өкініштісі, атамызға қатысты кейбір құнды деректерді таба алмай жүрміз. Оның барлығы кешегі солақай саясаттың кесірінен орын алғандығы белгілі. Тұлғаның шығармашылығында әлі де зерттеп, зерделейтін тұстар бар. Әсіресе, оның өмірбаяны туралы деректер тұңғылықты зерттелмеген. Ж.Аймауытов туралы деректер Ресейдің Омбы мемлекеттік мұрағатында, Мәскеуде, Маңғолия жерінде сақталғанын білеміз. Жүсіпбектің Бектұр есімді ұлының күнделігі Ресейдің Кемеров облысынан табылды. Күнделік қазір Бектұрдың қызы Риманың қолында. Күнделікті жазған кезде Жүсіпбектің ұлы Бектұр түрмеде отырған еді. 13 жасқа дейін әкесімен бірге болған бала осы күнделікке көптеген дүниелерді жазған болуы керек. Қойын дәптер татар, орыс тілдерінде төте жазумен жазылған. Осынау құнды жәдігер қолымызға түссе, көптеген тың деректерге куә болар едік.

Сондай-ақ ұлы жазушының құрметіне ұйымдастырылған мерейтойлық шара барысында Пвлодар облыстық Ж.Аймауытов атындағы қазақ музыка-драма театрының ұжымы көпшілікке өз өнерлерін көрсетіп, көрерменнің көз алдындағы Жүсіпбек бейнесін айқындай түсті. Ал өңірдегі Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейінің ұйымдастыруымен Алаш арасына арналған көрме көпшілік назарына ұсынылды.

Сонымен қатар, шараға жиналғандар ауылы – Дәндебай атырабына, Тұяқ қажы зиратына барып, зиярат етті. Сондай-ақ тарихи деректерге бай «Мәдени кіндік» ауылының орнына барып, балаларымыздың бұрынғы мекенін көзімен көріп қайтты.

Зейнулина А.Ф

ф.ғ.к.,професор

С.Торайғыров атындағы ПМУ

«Қазақ тілі және журналистика» кафедрасының меңгерушісі