Әлихан Бөкейхан былай деп пікір қалдырған :«Қасым хан бүкіл қазақ халқын біріктіру арқылы үлкен әскери күшке ие болды. Қарауындағы халықтың бақытына орай, ол өзінің бейбітшілік сүйгіш саясатымен халықтың махаббатына бөленді. Осы бейбітшілік сүйгіштігімен Қасым хан халықтар арасында ерекше әйгілі болды»,- деген.
Тарихта адамдар несімен есте қалады? – деген сұрақ кімді болсын мазалайтыны сөзсіз. Өзіміз білетін Керей мен Жәнібек хандар Қазақ хандығының негізін салушы ретінде тарихта қалды. Келесі Қазақ халқының жерін кеңейткен Қасым ханды білеміз. Қасым хан десек бірден «Қасым ханның қасқа жолы» заңдар жинағы еске оралады. Осындай мәліметтерді ғана біліп, бүкіл бір қазақ тарихын білдім деу қате болар. Тарих зерттелді, әлі де зерттелуде және зерттеле бермек. Себебі, қазақ тарихының тамыры тереңде.
Шежірелі ұрпақ
Т.ғ.д., профессор Б. Кәрібаев өзінің зерттеу еңбегінде: «Қасым ханның жеке өмірбаянына арнайы жазылған ортағасырлық дерек жоқ, тек қана оның сұлтандық және хандық дәуірінен үзік-үзік мәліметтер Қадырғали Жалайыр, Мұхаммед Хайдар Дулати, Бабыр, Бинай, Шади, Рузбехан Исфахани, Махмуд бен Уәли, Хайдар Рази, Гафари, Абдаллах Балхи, Әбілғазы және тағы басқа авторлардың еңбектерінде кездеседі. Орыс деректерінде де ол туралы мәліметтер баршылық» – дейді. Одан кейін тарихи деректерге сүйене отырып Қасым ханның ата-тегін былай түсіндіреді: «Қасым хан – Шыңғыс хан ұрпағы. Шыңғыс ханның кім екендігі баршаға мәлім. Қасым хан оның үлкен ұлы Жошыдан тарайды. Жошының он төрт ұлының бесеуі және олардан тараған ұрпақтар ХІІІ-ХV ғасырларда Еуразияның шығыс бөлігіндегі саяси тарихта үлкен рөл атқарады. Орда Ежен, Бату, Шибан, Тұқай Темір ұрпақтары Алтын Орда, Ақ Орда, Көк Орда, Қазан, Қырым, Қажытархан, Сібір, Хорезм хандықтарының және Мәуренахрдың (XVІ-XVІІІ ғ.ғ.) хандары болған.
Ортағасырлық кейбір дерек мәліметтері мен соларға негіздеп жазылған қазіргі тарихи зерттеулерде Қасым ханның Жошының қай ұлынан тарайтындығы жөнінде екі түрлі көзқарас бар. Бірінші көзқарас бойынша, қазақ хандары Жошының үлкен ұлы Орда Еженнен тарайды, ал екінші пікірдегілер қазақ хандарын Жошының ең кенже ұлы — Тұқай Темірден өрбітеді. «Тұқайтемірлік» пікірді қостаушылардың сүйенетіні – XVI және XVII ғасырларда жазылған «Тауарих-и гузида-йи нусрат наме» мен Әбілғазының «Түрік шежіресіндегі» мәліметтер.
«Ордаежендік» пікірді ұстанушылар, негізінен, XIV және XV ғасырдың басында жазылған Рашид-ад Диннің «Жамиғ ат-тауарихы» мен аты шулы «Ескендірдің анонимі» атты деректеріне сүйенеді. Біз де осы пікірді қостай отырып, Қасым ханның шежіресін былайша өрбітеміз: Шыңғыс хан – Жошы – Орда Ежен – Сартақтай – Қоныша – Сасы Бұқа – Шымтай – Орыс хан – Құйыршық хан – Барақ хан және Жәнібек хан. Көріп отырғанымыздай, Қасым хан жай ғана Шыңғыс ұрпағы емес, ежелден бері келе жатқан хандық әулеттің тікелей жалғасы, заңды өкілі, Орда Еженнен Орыс ханға дейін Қасым ханның аталары Дешті Қыпшақтың шығыс бөлігінде билік құрған.
Текті әулеттің төресі
Жоғарыдағы қысқаша шолудан байқағанымыздай, атақты Қасым хан жай ғана Шыңғыс ұрпағы емес, Шығыс Дешті Қыпшақ аумағында үздіксіз билікте болған текті әулеттің өкілі болып саналады. Ата-бабасынан қалған дәстүр, тектілік оның бойынан да табылады. Ол тек қана хандық әулеттің жолын жалғастырушы емес, сонымен бірге қалыптасқан жаңа саяси жағдайларға сай хандық билікті, мемлекеттілікті дамытушы қайраткер ретінде тарихта өз орнын алған тұлға. Қасым хан – Жәнібек ханның тоғыз ұлының бірі. Оның ішінде Қасым мен Қамбар бір анадан, Жаған бикеден туылған. М.Дулатидың «Тарихи-Рашиди» атты еңбегінде Қасым ханның қай жылы дүниеге келгенін анықтайтын жанама мәлімет бар. Онда автор 1513 жылы шағатайлық Сұлтан Сайд ханның Шу бойындағы Қасым хан Ордасына келгені жөнінде жаза келіп, «бұл кезде Қасым ханның жасы алпыстан асып, жетпіске жақындап қалған болатын» деп баяндайды. Осыған сүйене отырып, 1513 жылы Қасым ханның жасы 67-68-дерде десек, онда ол 1445-1446 жылдарда дүниеге келген болып шығады. Ал ортағасырлардағы Қазақстан тарихының белгілі зерттеушісі Т.И. Сұлтанов Қасым ханды 1445 жылы шамасында дүниеге келген деп есептейді. Қасым ханның өміріне байланысты деректер 1470 жылдарға дейін ешбір еңбекте кездеспейді. Оның себебі түсінікті де. Қазақ хандығы құрылғаннан 1470 жылдар басына дейін мемлекеттегі ірі саяси тұлғалар Керей мен Жәнібек хандар болды. Ал Бұрындық, Қасым, Махмұт, Әдік және т.б. сұлтандар хандардың жанында жүріп сол кездегі оқиғаларға араласқанымен, жазба деректер мәліметтерінде негізгі хандардың есімдері аталып отырған. Қасым алғаш рет жазба дерек мәліметтерінде Жәнібек хан қайтыс болғаннан кейін, яғни 1470 жылдардың басынан бастап айтыла бастаған.
Қасым ханның қасқа жолы
«Қасым ханның қасқа жолы» – қазақ халқының хандық дәуіріндегі әдет-ғұрыптық заң ережелерінің жиынтығы. Негізі орта ғасырларда Қыпшақ, Шағатай қолданған «ярғу» заңынан (қазақша «жарғы» – хақиқат деген ұғымды білдіреді) алынған көрінеді. Қасым хан өзі билік құрған кезеңде қазақ халқының этникалық аумағын кеңейту барысында әдет-ғұрыптық заңдарға арқа сүйенген. Қасым хан өз заңында Құран талаптарына қайшы келмейтін қазақи ғұрып ерекшеліктерін сақтайды. Мысалы, жеті атаға дейін үйленбеу, әмеңгерлік, қазылық билік, т.б. Ол халықтың көкейінен шыққан әрі ежелден келе жатқан билік дәстүрді, әдет-ғұрыптық «жарғыны» жаңғыртып, күшейтті. Бұл заңның шығуының бірнеше себептері бар: Қасым ханның билігі тұсында Керей, Жәнібек және Бұрындық хандар кезіндегі қазақ қоғамы анағұрлым жоғары сатыға көтерілді. Екіншіден, қазақ халқының этникалық территориясы толығымен біріктірілді. Үшіншіден, хандық билік этникалық территорияға толық тарап, рөлі артты. Төртіншіден, Қазақ хандығының жаңа қалыптасқан жағдайына бұрынғы әдет-ғұрып заңы сай келмейді.
Міне, осы аталған себептер «Қасқа жолды» дүниеге әкеледі. Бұл заңның жазбаша мәтіні болмаса да қазақ есінде заң атының жарты мың жыл бойы сақталды.
«Қасқа жолдың» қазаққа өте қонымды, қоғамдық қатынастарға үйлесімді болғанын көреміз. Бұл заңға енген ережелерге тоқталар болсақ:
- мүлік заңы (жер дауы, мал-мүлік дауы)
- қылмыс заңы (кісі өлтіру, талау, шапқыншылық жасау, ұрлық қылу)
- әскери заң (аламан міндеті, қосын жасақтау, қара қазан, ердің құны, тұлпар ат) елшілік жоралары (майталман шешендік, халықаралық қарым-қатынастағы сыпайылық, әдептілік, ибалылық)
- жұртшылық заңы (шүлен тарту, ас, той, мереке, думан үстіндегі ережелер, ат жарыс, бәйге ережелері, жасауыл, бекеуіл, тұтқауыл міндеттері)
«Қасқа жолдың» қағидалары өзгерусіз XVII ғасырға жетіп, Есім хандық құрған тұста (1598 – 1645 ж.ж.) «Есім ханның ескі жолы» деген жаңа атқа ие болған. Тәуке ханның тұсында (1680 – 1708 ж.ж.) бұл заң әлі де шариғат қағидасымен боялмай, ежелгі билер жасаған қалпын жақсы сақтаған көрінеді.
Атақты баһадүр және мықты сұлтан
XV ғасырдың 70-ші жылдарынан бастап Қазақ хандығының тарихында жаңа кезең басталады. Тарих тұрғысынан алып қарасақ, бұл кезең – Қазақ хандығының күшеюімен, нығаюымен, ұлттық аумағының біріктіріле басталуымен сипатталады. Мұндағы ең басты оқиғаға – Қазақ хандығының Сырдарияның орта ағысы бойындағы қалалар мен далаларды қайтару үшін Мауреннахр билеушілерімен жүргізген күресі жатады. Бұл күрес 1470 жылдардың ортасынан 1598 жылға дейін созылған. Бір ғасырдан астам уақытқа созылған күрестің бірнеше кезеңі бар. Алғашқы кезең – 1470-1520 жылдар аралығында өтті. Міне, осы алғашқы кезеңде Қасым хан өзін ірі қолбасшы әрі ірі мемлекет басшысы ретінде көрсетіп, замандастарының жазбаларында ұлы тұлға ретінде көрініс табады. Сонымен қатар, Бұрындық хан тұсында Қасым сұлтандық дәрежеде болып, бүкіл қазақ әскерінің қолбасшысы міндетін атқарады. XVI ғасыр басында жазылған «Шайбанинама» еңбегінің авторы Камал ад-дин Бинай Қасым хан туралы: «Ол – Бұрындық ханның әскерлері ішіндегі атақты баһадүрі және мықты сұлтанның бірі болды» деп жазады.
Ұлы даналар сөзі
Тарихтағы көптеген адамдарды олар жайлы айтылған ой-пікірлерден оқып білеміз. Сол сияқты Қазақ хандарын тек қана қазақтар ғана емес, сонымен қатар басқа да адамдар жоғары бағалап, олар жайлы бірауыз пікір қалдырған. Ұлы даналардың ұлы сөздеріне тоқталар болсақ:
Захир ад-дин Бабыр:
Жұрттың айтуына қарағанда, қазақ хандары мен сұлтандарының бірде-бірі бұл халықты дәл осы Қасым хан сияқты бағындыра алмаса керек. Оның әскерінде 300 мың адам болған.
Мұхаммед Хайдар Дулати:
Ол Дешті Қыпшаққа толық билігін таратты, оның халқы миллионнан асты. Жошы ханнан кейін бұл жұртта дәл мұндай күшті хан болған жоқ.
Қадырғали Жалайыр:
Жәнібек хан ұлдары ішінде аса белгілі болғаны Қасым хан еді. Ұзақ уақыт атасының ұлысына патшалық етті. Төңірегіндегі уәлаяттарды өзіне қаратты.
Махмуд ибн Уәли:
Қасым хан Дешті Қыпшақ аймақтарында өз билігін күшейткені соншалық, оның әскерінде 200 мыңнан аса адам болды.
Хайдар Рази:
1515-16 жылдары Қасым хан Жошы ұлысын тәртіпке келтіргендігі сондай, бұдан артықты көз алдыңызға елестету мүмкін емес, оның халқының саны миллионға дейін жетті.
Гафари:
Қасым хан Дештінің ханы болған. Шайбани хан екеуінің арасында кикілжіңдер болып, 1509-10 жылы Шайбани хан оған қарсы аттанды, бірақ жеңіліс тапты.
Қасым хан тұсындағы Қазақ хандығы жайындағы хабарлар Еуропа елдеріне де жеткен.
Сөзтүйін. XVI ғасырдың бірінші ширегінде қазақ атын жер жүзіне жеткізген Қасым хан есімі қазақ халқының тарихи санасында мәңгі орын алып, жарты мың жылдан аса сақталып келе жатыр. Қасым ханның қазақ билеушілерінің болашақ өкілдеріне қалдырған өнеге жолы – елдің саяси бірлігін сақтауымен мемлекеттіліктің ең басты көрсеткіші хандық билікті нығайтуы, оны мойындатуы. Тарихтың төрінен, қазақтың жүрегінен орын алған Қасым ханның қайсар мінезі ұлт санасында ешқашанда өшпейтініне сенімдіміз. Қасым ханның өмірі мен қазақ тарихының сахнасында алатын орны міне, осындай.
Ақмарал ЕРМАНАТ