Бүгінгі әңгіме Қазақ хандығының негізін қалаушы Керей хан туралы болмақ. Керей хан билеген халықты алғаш рет «қазақ» деп атағанын тарихтан білеміз. Өкінішке орай, Керей хан туралы да, «қазақ» атауының төркіні турасында да тарихи деректер жоқтың қасы. Тарихшылар бұл құпияның сырын ашса, мемлекеттілігімізге байланысты көп деректерге тап болар ма едік.
Ақ киізге отырғызып хан көтерді
Шайбани әулетінен шыққан Дәулет шайхтың баласы Әбілқайыр ханның көк кесене төңірегіндегі шайқаста ойрат әскерінен жеңілуі – Барақ ханнан кейін биліктен айрылған Өріс хан әулеті сұлтандарының бас көтеріп, жеке бөлініп шығуына мүмкіндік туғызады. Осы мүмкіндікті пайдаланған Өріс ханның ұрпақтары – Болатұлы Керей мен Барақ ұлы Жәнібек өздеріне қарайтын тайпаларды бастап, Әбілқайыр хандығынан бөлініп шығып, Моғолстан жеріне кетеді. Онда оларды Моғолстан ханы Есенбұға құрметпен қабылдап, өз мемлекетінің батыс жағынан Шу бойы мен Қозыбасы өңірін оларға бөліп береді. Осы арада олар жаңа Қазақ хандығының шаңырағын көтереді. Бүгінгі тарихи деректерге сүйенсек 1458 жылдың көктемінде Хан тауында Керейді ақ киізге отырғызып, хан көтерді.
Қазақ хандығы
1468-1969 жылдары Әбілхайыр хан қайтыс болып, оның ордасында таққа талас басталады. Тақ таласы Керей мен Жәнібектің өз еліне қайта оралып, мұндағы күреске белсене араласады. Әбілхайырдың ұлы, ханның мирасқоры Шейх-Хайдардың жеңіліп, қызметшілерімен бірге қырылуы – ұлыстағы бар биліктің Керей ханның қолына көшеді. Осы кезден бастап Қазақ хандығы іргелі мемлекетке айнала бастайды. Моғолстан ханымен бірлесіп, ойрат тайпаларына қарсы күреседі. Жәнібек хан мен Керей хан Жетісу өңірі, Шу мен Талас өзендерінің бойын мекендеген қазақтардың басын қосуда зор еңбек сіңірді. Бұл мақсатпен олар өзара қырқысуларды басып, ірі феодалдарды маңайына топтастырды. Керей хан немере інісі Жәнібекпен біріге жас мемлекеттің іргесін бекітіп, хандығының дамуына көп тер төгеді.
Керей хан – Қазақ хандығының негізін қалаған тарихи ірі тұлғалардың бірі. Өріс ханның немересі Болат ханның жалғыз ұлы. Керей ханның шығу тегі Жошы ханның үлкен ұлы – Орда Еженнен бастау алады. Орда Ежен, оның ұлы Сасы бұқа, оның ұлы Ерзен, оның ұлы Шымтай және оның ұлы Өріс хан болып жалғасады.
Аңыз бойынша Керей хан Қазақ хандығын 10 жылдай билеген екен. Дүниеден озғаннан кейін Хан тауы етегінде жерленген. Тарихиқа сүйенсек, Керей ханның хандық билікті ұлы Бұрындыққа бергені туралы, Керей ханның өзбек ұлысын басқарған кезеңі, оның тағдыры қай уақытта, қандай жағдайларда қаза болғаны туралы нақты мәліметтер көрсетілмеген.
«Қазақ» атауы
Алғашқыда қазақ хандығының аймағы батыс Жетісу жері, Шу өзені мен Талас өзенінің бойы еді. Міне, нақ осы аймақта тарихи деректерде тұңғыш рет «Қазақ» деген атау қолданылды. Ежелден осы мекенді мекендеген қазақтың ұлы жүз тайпалары Дешті-Қыпшақтан қоныс аударған қазақ тайпаларымен етене араласып кетеді. Әбілхайыр хандығындағы аласапыран соғыс салдарынан алауыз болған халық бұл араға келіп ес жиып, етек жауып, экономикалық тұрмысы түзеле бастайды. Мұны көрген Дешті-Қыпшақ көшпенділері Әбілхайыр хан қоластынан шығып, бөгеуін бұзған судай ағылып қазақ хандығына келіп жатты. Бұлар жаңадан құрылған Қазақ хандығының үкімет билігін нығайтып, оның беделі мен әскери, саяси күш-қуатын арттыра түсті. 1468 жылы қыста Әбілхайыр хан қазақ хандығын қиратпақ болып, Жетісуға жорыққа аттанды, бірақ сапары сәтсіз болып, жорық жолында қаза тапты. Әбілхайырдың қаза болуы қазақ хандығының нығаюына және жер көлемінің кеңеюіне үлкен септігін тигізеді. Әбілхайыр хан өлгеннен соң оның елінде қырқыс басталып, хандық ыдырай бастады. Өзбек ұлысының шаңырағы шайқалды, ірі шиеленістер басталды. Оның көпшілік бөлігі Керей хан мен Жәнібек ханға көшіп кетті. Мұндай тиімді жағдайды уақытында пайдаланған қазақ хандары Керей мен Әз Жәнібек бұдан он екі жыл бұрын өздері ауып кеткен ата қонысы Дешті-Қыпшаққа қайта оралды.
Тарихшылардың айтуынша биліктің Өріс хан тұқымдарының қолына өтуі де «Көшпелі өзбектер мемлекетіндегі» саяси жағдайды өзгерткен жоқ. Дегенмен, бұл оқиға «Көшпелі өзбектер мемлекеті» атының Дешті-Қыпшақ болып өзгеруіне ықпал етті. Бір кездері Моғолстанға қоныс аударған адамдар Өзбек ұлысында «қазақтар» деп атала бастады және бұл атау бүкіл хандыққа тарай бастады. XV ғасырдың орта шенінде ежелден Жетісу өңірін мекендеген түркі тайпалары бір этникалық топқа бірікті де, қазақ халқын құрады.
Дерек көздері
Керей хан туралы ХV ғасырдың ортасына дейін ешбір жазба деректер кездеспейді. Ол туралы дерек жазба беттерінде артынан ерткен бір топ қазақ хандығының халқын бастап Шу және Қозыбас жеріне бастап келуіне байланысты орын алады. Қазақ хандығы туралы бізге жеткен жазба деректердің бірі – Мұхаммед Хайдар Дулатидің «Тарих-и Рашиди» еңбегі. Бұл еңбек негізінен Моғолстан мемлекеті тарихына арналған. Десек те сол кездегі тарихи, саяси жағдайларға байланысты «Тарих-и Рашидиден» Қазақ хандығына қатысты деректер кездестіруге болады. Қазақ хандығының құрылуына 1457 жылдан кейінгі Керей мен Жәнібек сұлтандардың Әбілхайыр ханға наразы бір топ халықты бастап батыс Жетісу жеріндегі Шу мен Талас бойына көшіп кетуі осы еңбектен белгілі еді. Керей хан есімі тарихи деректерде соңғы рет 1472-1473 жылдары Жүніс хан ордасына Бұрыш оғлан деген сұлтанның шабуыл жасауына байланысты аталады. Соған қарағанда Керей хан 1470 жылдың бас кезінде қайтыс болған.
Керей ханның қандай жағдайда, қай жылы қайтыс болғандығы жөнінде нақты мәліметтер жоқ. Керей ханның үш баласы болды. Олар: Бұрындық хан, Қожа Мұхаммед және Сұлтан Әлі. Олардың ішінде 30 жылдан астам Қазақ хандығын билеген Бұрындық ханнан соң тақ билігі түпкілікті түрде Жәнібек ханның ұрпақтарының қолына өтеді. Керей ханның қалған екі ұлы жөнінде деректер кездеспейді. Ал «Фатхнама», «Шайбанинаме» деректерінде тек қана Жәнібек ханның есімі кездеседі.
Тарихшылар дерегі
Мысалы белгілі тарихшы, т.ғ.д., профессор Берекет Кәрібаев былай дейді: «Қазақ хандығының құрылу тарихына байланысты жазылған тарихи зерттеулер мен әдебиеттердің бәрінде хандықтың негізін салушылар – Керей мен Жәнібек хандар деп айтылатыны белгілі. Дерек мәліметтерінде көрсетілгендей, «олардың Әбілқайыр ханнан бөлініп, Жетісудағы Моғолстан атты хандыққа келуімен Қазақ хандығы құрылды» деген пікірді зерттеушілердің бәрі мойындайды. XIX ғасырдың ортасында айтылған бұл пікір қазіргі күндерге дейін тек даму үстінде болды. Бірақ та осы саяси үрдісте жетекші рөл атқарған тұлғалар – Керей мен Жәнібек хандар туралы зерттеулер толық жүргізілмей, олар туралы біліміміз тек дерек мәліметі деңгейінде қала берді. Оған себеп – деректік мәліметтердің мардымсыздығы. Қазіргі күнде заман талабы өзгеріп, өз тарихымызға қайта үңілгенде, алғашқы хандарымыздың тарихын, олардың атқарған рөлін көрсетуге осы себеп қолбайлау болады да тұрады. Мардымсыз деген – тіпті жоқ деген емес, аздау, бірен-саран деген мағынада. Олай болса, қолда бар деректерге сүйеніп, ұлттық мемлекетіміздің іргетасын қалаушылардың ел тарихындағы алатын орнын неге ашып көрсетпейміз?!». Рас Керей хан туралы деректің аздығы тарих қойнауындағы қалған деректемелердің ашылуына тұсау болуда.
Ел тарихшылары Махмуд бен Уәлидің жазуы бойын¬ша, алғашқы Қазақ хандығының Керей хан болған.
Жазба деректер мен тарихи зерттеулерде алғашқы қазақ ханының есімі – «Гирей», «Герей», «Кирай», «Керей» түрінде кездеседі. Қазақ тілінде жазылған әдебиеттер мен зерттеулерде соңғы есім жиі және тұрақты пайдаланылатындықтан, тарихшылар осы есімді өз зерттеулерінде қолданады.
Бұл сөздің түп-төркініне келсек, В.Бартольд ол жөнінде былай деп жазады: «Өзінің деректерін көрсетпей, Ахмед Вефик-паша өз сөздігінде «гирей» – моңғол сөзі, моңғолша «гарай» делініп, «еңбегі сіңген», «лайықты», «құқылы» деген мағынада қолданылады». «Гарай» – көне моңғол сөзі, оның екі мағынасы бар екен. Біріншісі – «биік», «еңселі», «алып» дегенді білдірсе, екіншісі – «ержүрек», «батыл», «еркін», «берік» деген мағынаны білдіреді. Араб тілінде бұл мағыналардың «хайдар», «ғайдар» деген сөздермен берілетінін ескере келе, моңғол тіліндегі – «керей» сөзі мен араб тіліндегі – «хайдар» сөздерінің мағынасы ортақ, бірдей деген қорытындыға келеді тарихшылар.
Тарихшы Берекет Кәрібаев бұл жөнінде былай дейді: «Мұндай есімнің Алтын Орда дәуіріне дейінгі араб, парсы тілдеріндегі шығар¬маларда кездеспеуіне және де тек қана осы дәуірде ғана Шыңғыс ұрпақтары мен көшпелі қоғамның жоғарғы тобы арасында жиі кездесуіне қарағанда бұл сөздің түп-төркіні моңғолдық, ал мағынасы жоғарыда айтып өткен «ержүрек», «батыл», «алып», «берік» деген мағынаны білдіреді».
Сөзтүйін. Тарихтан білеріміз, Керей хан мен Жәнібек хан Тәуелсіз Қазақстанның іргесін қалануына себепші болды. Ал біз – бүгінгі ұрпақ бабаларымыздың ұлы істерінің жалғастырушыларымыз. Осынау ұлан-байтақ аймақты мекендеген қазақ тайпаларының басын қосып, біртұтас мемлекет етіп біріктірген Керей хан бабамыздың бүгінгі ұрпақтары жер жаһан жұртымен көпғасырлық достық және тату көршілестік дәстүрлерін сақтап келеді.
Амангүл ТИЛЕЙ
«SMS+» №10 (58), 2014 жыл, 30 қараша.