Павлодар облыстық журналистер одағы мен Қазақстан журналистер одағы сыйлықтарының лауреаты, КСРО Теледидары мен радио үздігі, Қазақстанның құрметті журналисі, облысқа сіңірген еңбегі үшін, Ақтоғай ауданының құрметті азаматы төс белгілерінің иегері, С. Торайғыров атындағы ПМУ профессоры Жұмасейіт Қоғабайұлы Бижан 2015 жылғы 24 ақпанда 75 жасқа толды.

– Ассалаумағалейкум, Жұмасейіт аға! 75-жылдық мерейтойыңыз құтты болсын.

– Уағалейкүмассалам, рахмет.

– Сіз журналистік қызметке дейін тракторшы, мектепте мұғалім, партия-кеңес қызметтерінде еңбек еттіңіз. Журналистика саласына қалай келдіңіз?

– Еңбек өтілімімнің 58 жылын қас қағымда шарлап шығу қиын болар. Әйтсе де, өткенге ой жүгіртіп, көңіл иірімдерін сабақтайын. Мен қыс айларында қалың қар басатын, жазда жауыннан езілген саз батпақтан көлік түгілі аяғыңды зордың күшімен алып жүре алатын, шағын аралдай «Шұға» ауылында туып, өстім. Оқушы шағымнан кітап оқуға әуес болдым. Ауыл мектебіндегі шағын кітапхананың 100-ден астам кітаптарын бәрін оқып тауыстым. Коминтерн атындағы совхоздың парткомы «Лениншіл жас» газетін жаздырып, арнайы біздің ауылға жібереді. Бөлімше басшыларынан оны мен сұрап алып оқитынмын. Бұл газет жастар тәрбиесі тақырыбын нөмір сайын жазатын. Газетте жастар арасындағы достық, махаббат, туыстық жарасымды өмір, жастардың өмірдегі қателіктерінің себеп-салдары, жоғары оқу орындары студенттерінің өмір-тыныстары жайында тартымды тақырыптар жарияланатын. Соларды оқып, өзім бір жаңа тіршілікті көріп, жақсылармен араласып жүргендей қуанышты сезімге бөленетін едім. Менің осындай күнделікті тіршілігімді көріп, анам Нұрым қошеметтеп те қоятын. Өйткені, анамның оқиғаны көруінен-ақ суырып салма өлеңмен сол қалпында, дәлме-дәл сипаттайтын қабілеті болды.

Біздің ауылда ол кезде балалар мектеп бітірісімен жұмыс істейтін еді. Мамандық таңдап, жоғары оқу орындарына түскен жастар бірен-саран еді. Совхоз, аудан орталықтарында бізден бұрын орта мектепті бітірген Тасболат Шаяхметов, Олжабай Жармакин, Қабиден Зағұпаров сияқты талапты азаматтар жоғары оқу орындарын бітіріп, ұстаздық, комсомол-партия қызметтеріне орналасып, өңірге белігілі бола бастағанын ауылда жүріп, сырттай еститінбіз. Сөйтіп жүргенде мен де жоғары білім алуды армандадым. Сол арманыма біртіндеп жеттім. Қарағанды педагогикалық инстиутында оқып жүргенде Қарағанды қаласындағы облыстық теледидар студиясы біздің 4-ші курстан Гүлшара, Айтжан, Гүлмайра, Әлимаш және мені студияға шақырып, сұхбат өткізді. Сонда жүргенде ара-тұра шағын концерттік бағдарлама бойынша жүргізушілікке де қолым жетті. Тележурналистік қызметке бейімделу сол кезден басталды деп ойлаймын.

Кейін Қарағандыдағы политехникалық, медициналық және педагогикалық институттардың белсенді студенттерінің басын біріктіріп, қазақ классиктерінің өмірлері мен шығармалары туралы үш институтке ортақ шығармашылық кештер өткізуге бастама жасадым. Қазіргіше айтқанда, шығармашылық кештің модераторы болдым. Институттағы әнші, биші жігіттер мен қыздардың басын қосып, көркемөнерпаздар үйірмесін ұйымдастыруға атсалыстым. Концерт жүргізушісі болдым. Қарағанды облысының аудандарындағы ауылдарға барып, концерт қойып жүрдік. Концерттен түскен қаржыны институттың кассасына өткізетін едім. Институтты бітіріп туған ауылымдағы мектепте мұғалім болып жүріп, ауыл тынысы туралы аудандық және облыстық газеттерге шағын мақалалар жаздым. Краснокутск (қазіргі Ақтоғай) ауданында және Екібастұз қаласы мен ауданында кеңес партиялық қызметтерін атқарған кезде аудандар мен қаланың өнер адамдарын облыстық теледидар студиясында берілетін «Майра» бағдарламасы арқылы хабарларға қатыстырдым жүрдім.

Енді жастық шағыма қайырыла қарасам, сіз сұрап отырған журналистік қызметке бейімделу ананың шығармашылыққа икемділігі мен кітапты көп оқудың және шығармашылық ортамен тез үйіренісе кетуімнен басталған деп нық айта аламын.

– 1979 жылдың желтоқсан айынан бастап облыстық теледидарда редактор, аға редактор, бас редактор, бас продюсер, саяси шолушы және телерадиокомпаниясы төрағасының орынбасары болдыңыз. Осы кезеңдерде шығармашылық қызметіңіздің кең қанат жайған шағы екендігі байқалады. Осы орайда, шығармашылық белестеріңіз туралы әңгімелеп берсеңіз.

– Шығармашылық деңгейдің қанат жаюы ой-санаңда елдік сезімнен қуаттану мен сол сезімді баяндау қабілетіңнің шыңдалуының сәйкестенуінен көрінеді. Ондай деңгей, әрине, қызмет істеген және білім алған ортаңның әсерінен бойға ұялайды. Мұғалімдік мамандықтан соң, Алматы Жоғары партия мектебінің журналистика бөлімшесінде білім алып, дипломды журналист атандым. Енді өміртану мен қоғамтанудың өзегіне үңіле білуге талпыныс жасауға бейімделдім. Солай десем де, менің ел мен жерді қадірлеу көзқарасым Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» эпопеясын оқыған соң орныға бастаған болатын. Еңбек жолына түскеннен бері бұл көркем шығарма ғана емес, философиялық тұжырымдама екендігіне көзім жете бастады.

Қызметімнің алғашқы күндерінен Махмет Қайырбаев, Хамит Мусин, Бекен Супеков сияқты сөзге шешен, бір сөзді, іскер азаматтардың қиындықтан қисын табатын тапқырлықтарына сырттай сүйсінетінмін. Сату Баймұхамбетов пен Балтабай Сейсембековтің кісілік, кісітану қабілетінен жаным жайланатын. Ғаділбек Шалахметов пен Хамза Тоқпановтың біліктіліктері мен ұйымдастырушылық қабілеттерінен ширығатынмын. Айтып отырған нар тұлғалардың бәрі коммунистік саясаттың майталмандары, бірақ, олар елі мен жерінің, жұртының қамын қарастырып, парасатты ұрпақ тәрбиелеуді өздерінің парызы санады. Олардың дүниетанымдық пайымдауларынан ұлттық құндылықтарға сүйенетіндерін, оны демеу еткендерін аңғардым. Бұл тұлғалардың сана-сезімдеріндегі ел мен жерді қастерлеу сезімдерін жете таныдым, оларға ұқсағым келді. Бұл бабалар айтқан жақсыдан шарапат дейтін даналыққа бейім болудың нәтижесі болар. Үлкендерден үйренуге жастық шағымдағыдай мен қазір де құштармын. Елдік пен азаматтық сезім мені 1990 жылы Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің сессияларынан, кейін ҚР Парламенті Сенат пен Мәжіліс сессияларынан репортаждар, шолулар жасауға ұмтылдырды. Сол ұмтылыстың арқасында 1990-1995 жылдар аралығында айына екі рет Алматыға барып, Парламент сессияларынан ақпарат таратумен шұғылдандым. Бұл – өмір мен еңбек тәжірибесінің нәтижесі. Өмірдің нәтижесі алдыңғы толқын ірі тұлға ағалардың жақсы өнегесін көріп, үйренуден тиянақталатындығына иландым.

– 1991 жылы ҚР Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтан сұхбат алдыңыз. Сондағы ниетіңізді қазір айтып отырған ойыңыздан да аңғарып отырмын. Солай десем де, тұңғыш Президенттен сұхбат алу үшін де батылдық керек шығар.

– Сенімділіктің баспалдақтарынан сүрінбей, өмірді бағамдай алсаң, жасқана жүріп, батылдықтың қақпасын ашады екенсің. Бұл кезде Кеңес Одағы ыдырады. Бұрынғы экономикалық байланыс үзілді. Қазақстандағы ірі өндіріс орындарында қаржы тапшылығы пайда болды. Қазақстандықтардың басына экономикалық қиындық деген батпан салмақ түсті. Экономикалық қана емес ел болу жолындағы басталған реформаларға кедергі жасап, саяси алуандылық пайда болды. Нұрсұлтан Әбішұлы осы жағдайда ерекше көрегендік көрсетті. Қазақстанды басқаруда орталыққа басымдық берудің амалын ойластырды. Сөйтіп, Қазақ ССР-ның Жоғарғы Кеңес сессиясында сайланған Тұңғыш Президент Н. Ә. Назарбаев енді Президентке үміткер ретінде бүкілхалықтық сайлау арқылы сайлануды Қазақ ССР Жоғарғы Кеңесінің сессиясына ұсынды. Депутаттар бұл ұсынысты қолдады. Сөйтіп, Н. Ә. Назарбаев 1991 жылғы 1 желтоқсанда бүкілхалықтық Президент сайлау науқаны кезінде еліміздің барлық облыстарын аралап, өнідіріс орындары мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өндірушілермен кездесуді бастады. Президенттің экономика және саяси жағдаймен ел аралап танысу ниеті мені журналист ретінде де, азамат ретінде де мені ойландырды. Оны барынша жете түсінуге байлам жасадым. Осы мақсатқа жетудің басты жолы Президенттің іссапарынан көз жазбауға бекіндім. Елді осылай сүю және ел оқиғасына терең білуге ұмтылыс сезімі мені Н. Ә. Назарбаевтан сұхбат алуға жігерлендірді.

– Өзіңіз айтқандай, сіздің еңбек өтіліңізге биыл 58 жыл толды. Бүгінгі күндері С. Торайғыров атындағы ПМУ-де шығармашылық қызметтесіз. Оған көп уақыт та, күш-қуат та керек екендігі белгілі. Солай болғанымен сіз авторлық шығармашылықты қатар алып келе жатқан журналистердің қатарындасыз. Шаршайтын күндеріңіз болатын шығар?

- Мына сауалыңыз шығармашылықтың шыңына жеткен жазушы мен журналистке қоятын сауал ғой. Мен сонау шыңға шыққан шығармашылық авторларының жайлауларын жағалап жүрген журналистпін. Иә, ресми қызметте жүріп, жеке шығармашылықпен шұғылдану оңай емес. Шығармашылықпен айналысқан адам тым шаршай қоймайды. Оның бәрі жазатын тақырыбына байланысты. С. Торайғыров атындағы ПМУ-ге қызметке орналасқан алғашқы кезде еліміздің беделді жоғары оқу орындарының қатарындағы ұжымның ғылым кандидаттары мен докторларының ортасында жүріп, шығармашылық деңгейімді төмендетіп алмаудан сақтандым. Ол үшін денсаулықпен қатар, жігер және ізденіс керек. Бұл толассыз жаупакершілікті қажет етеді. Университетке дейін «Замандастар тағылымы» (шағын кітап) және «Ардақты елім – Ақтоғай» атты публицистикалық кітап жазған едім. Бұл шығармалар маған жазба жұмысында тақырып таңдау мен оны жүйелеуге жол ашты. Ал университетте жазып жүрген еңбектерімнің тақырыбы журналистік мамандығыма тікелей байланысты. Штаттан тыс және штаттағы журналистік қызметіме 40 жылдай уақыт өтіпті. Теледидар қызметіндегі ізденісімнің нәтижесінде көп тәжірибе жинақталды. Енді оны теориялық негізде баяндауды мақсат еттім. Ілгері қадамдар бар. «Дала уалаяты» газеті (1888-1902): жеке тұлға және қоғам» монографиясы, «Журналист шығармашылығындағы жаңа инновациялық технологиялар» оқу құралы жазылып, баспадан шықты. Қазір «Ой толқыны: журналистика, публицистика» аты тәжірибелік нұсқаулық кітабы баспаға тапсырылды, таяуда оқырман назарына ұсынылады.

– Жас тілшілерге аға буын өкілі ретінде айтар ақыл-кеңесіңіз.

– Теледидар журналистері ретінде менің құрдастарымның көрген қиындықтарын бүгінгі теледидарлықтар көрген жоқ. Түсірілген бейне көріністерді қайшымен қиып монтаждаудың қияметін жіктеп айтпаса да түсінікті болар. Қазір секунд сайын келесі бейнелерді ретіне орай монтаждау мүмкіндігі бар. Бұл мазмұнды мәтін жазуға, көсіліп қызмет етуге жетелейді. Алайда, теледидар журналистеріне қойылатын талаптар әрдайым жоғары. Жазылған мәтіннің мазмұны мен көрсетілетін бейне үйлесімін дәлдеу, тақырып бойынша хабарға қатысатын кейіпкердің пішіні мен атқаратын ісінің бірегейлігін сәйкестіндіру кәсіби жоғары шеберлік арқылы іске асады. Ендеше жас журналистер осындай деңгейде жұмыс істеуі тиіс. Әрине, біздің университеттің «Журналистика» кафедрасын бітірген жастар арасында да журналистік шеберлігі жетілгендер бар. Олар қазір облыстық «Сарыарқа самалы», «Звезда прииртышье» газеттерінде, республикалық және облыстық телерадио студияларында журналистік, облыстың ірі өнідірістері мен мекемелерінде пиарлық қызметтерді білікті атқарып жүр. Оларға жеке өмірде де, еңбекте де сәттілік тілеймін.

– Әңгімеңізге рахмет, Сіз де әрқашан жақсылыққа ие болыңыз!

– Сіздерге де рахмет.

Әңгімелескен

Мәдениет АМАНГЕЛДІҰЛЫ

 

ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫНЫҢ САРДАРЫ – 75 ЖАСТА!

Павлодар облысы «Достық үйінің» концерттік залында С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің профессоры, Қазақстанның құрметті журналисі, қазақстандық журналистиканың ардагері Бижан Жұмасейіт Қоғабайұлының 75-жылдық мерейтойы аталып өтті. Саналы ғұмырын тілшілік қызметке арнаған ол қоғамда болып жатқан түрлі тарихи, саяси, әлеуметтік-мәдени оқиғаларды қалт жібермей, көпшілік қауымға жариялап отырды.

Танымды да тағылымды тұлға

Павлодар облысының ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Махаббат Садуақасова мерейтой иесіне облыс әкімі Қанат Бозымбаевтың Алғыс хатын берді. Өз құттықтауында облыс әкімі Жұмасейіт Қоғабайұлының еліміздің егемендік жолындағы кезеңдер мен туған өлкеміздің тарихынан сыр шертетін еңбектері өте құнды әрі жас журналистер үшін де үлкен мектеп болып табылатынын айтты. «Сіз Павлодар өңірінде журналистика саласының қалыптасуы мен дамуына үлкен үлес қостыңыз», – деп атап өтті Қанат Алдабергенұлы.

С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің ректоры міндетін атқарушы Арман Ақышев мерейтой иесін құттықтай отыра, Жұмасейіт Қоғабайұлының жарты ғасырға жуық қызметінде жинап-терген, журналистика шеберлігінің сырымен бөлісетін еңбектері студенттер қауымы үшін таптырмас оқу құралы болып табылатынын айтты.

«Қазақстан» Телерадиокомпаниясының бұрынғы төрағасы, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың бірінші баспасөз-хатшысы, «Мир» телекомпаниясының Төрағасы, Е.Гумилев атындағы ЕҰУ зерттеу кафедрасының меңгерушісі Ғаділбек Шалахметов өзінің құттықтау жедел хатында былай деп жазды: «Павлодар облысының индустриясы мен облыстық телевидение және радионың қалыптасуында Сіздің еңбегіңіз ұшан-теңіз». Көп жедел хаттардың ішінде меретой иесін құттықтаған жастық шағының куәсі болған Бұғыбай, Гүлшара, Айтжан сынды достарының құттықтаулары ерекше жүрекжарды лебіздерге толы болды.

Облыстық «Сарыарқа самалы» газетінің редакторы Асыл Әбішев әріптес ағасына құттықтау грамотасын табыстап, ол кісінің жасап жатқан ерен еңбегін ерекше тебіреніспен атап өтті. «Жұмасейіт Қоғабайұлын мен бала кезімнен білемін. Оның жазған мақалалары мен кітаптарын жастайымнан оқып өстім. Үлгі-өнеге алып, көп нәрсе үйрендім. Ағамыз 75 жасқа келсе де, қатардан қалмай әлі де жастарды үйретіп, оқытып келеді. Сондықтан бүгінгі жас буын журналистер қауымы үшін Жұмасейіт ағамыз үлгі боларлықтай», – деді ол.

Павлодар облысы тілдерді дамыту басқармасының басшысы Қабжан Еділбай құттықтау сөзінде Жұмасейіт Бижанның ана тіліміздің дамуы мен насихатталуына үлкен үлес қосқанын баса айтты: «Жұмасейіт Қоғабайұлы қай жерде болмасын, қандай да бір тарихи оқиғаларды жазбасын, ол әрдайым қазақ тілін мәпелеп, оның қанат жаюуына қызмет етіп келеді».

Ақтоғай ауданы әкімінің орынбасары Оразғали Бектұров мерейтой иесіне «Ақтоғай ауданының Құрметті азаматы» атағын берді.

Ж. Бижанның журналистік шығармаларында қазақстандық журналистиканың, қазақстандық патриотизмді қалыптастыру, қоғамдағы ұлтаралық және конфессияаралық келісімді нығайту, демократиялық саяси мәдениет пен азаматтық қоғам институтын дамыту, қазақстандық журналистиканы, ұлттық БАҚ-тарды дамытуға ықпал ету сияқты маңызды бағыттар қамтылған.

Кешке қатысқан қонақтардың баршасы Жұмасейіт Қоғабайұлының өз қызметіне деген айырықша ықыласын, ұйымдастырушылық қабілеті мен адалдығын ерекше атап өтті.

Шығармашылық кеш барысында Жұмасейіт Бижанның «Ой толқыны» атты тәжірибелік оқу құралының тұсаукесері болды. Бұл кітапта автордың көпжылдық еңбегі нәтижесінде жиналған материалдар қамтылған. Сонымен қатар, автордың журналистика саласындағы сұхбат, репортаж, шолу, дөңгелек үстел сынды жанрларда жазылған публицистикалық және журналистік туындылары да бар.

Ардагер тілшінің өмір жолы

Жұмасейіт Қоғабайұлы 1940 жылғы 24 ақпанда Шұға ауылында туды. Өз ауылында тракторшы және мұғалім болып қызмет істеді. 1962-1966 жылдары Қарағанды мемлекеттік педагогика институын бітірді. Алған білімі ұстаздық және партиялық-кеңес және журналистика қызметтеріне бейімделуіне жол ашты. Оның теледидар журналистикасында шығармашылықпен айналысқанына 40 жылдай уақыт өтті. Осы кезең ішінде ол республикаға танымал журналист дәрежесіне жетті. 1968 жылдан бастап облыстық теледидарда штаттан тыс, ал 1979 жылдан штаттағы тележурналист болып қызметке тұрды. Бір жылдан кейін, 1981 жылы Павлодар журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды. 1982 жылы ол журналистке бір рет қана берілетін Қазақстан Журналистер одағы сыйлығының лауреаты атанды.

1980 –2004 жылдары облыстық теледидарда редактор, аға редактор, бас редактор, саяси шолушы, бас продюсер, телерадио комитеті төрағасының орынбасары қызметтерін тиянақты атқарды. Телекөрермендер де, мамандар да Жұмасейт Қоғабайұлының шыңдалған шығармашылығының өзегі өміршең тақырыптар бойынша ұйымдастырған хабарларына үнемі ризалық білдірді. 1991 жылы Жұмасейт Қоғабайұлы КСРО теледидары мен радиосының үздігі төс белгісін иеленді.

Жұмасейт Қоғабайұлының жалпы еңбек өтіліне биыл 58 толды. Институт бітірген соң 1968-1979 жылдары Ақтоғай (бұрынғы Краснокутск), және Екібастұз ауданы мен қаласында жауапты қызметтер атқарды. Мәртебесі мен машақаты көп бұл қызметтерде жүріп, аудан, қала еңбеккерлері мен өнер адамдары жайында теледидар хабарларын дайындап, эфирден көрсетті. 1997-2002 жылдары ол Павлодар облысының тілдер басқармасында бөлім бастығы, Павлодар облысының әкімдігі бөлімінің кеңесшісі, бас маманы, облыстық сайлау комиссиясының мүшесі-жауапты қызметкері, облыстық ауыл шаруашылғы басқармасының баспасөз қызметтерін жоғары шеберлік деңгейде атқарды.

Шығармашылық кештің авторы 1990 жылдан 1995 жылдар аралығында Қазақ КСР және Қазақстан Республикасы қос палатасының сессияларына қатысып, мәжілістерден репортаждар дайындады. ҚР Президенті Н.Ә. Назарбаев бүкілхалықтық Президент сайлауы қарсаңында журналист Жұмасйт Бижанға берген сұхбатында 1993 жылы тағайындалған халықаралық «Болашақ» стипендиясы туралы идеясын тұңғыш рет халық назарына ұсынған еді.

Ол 2003 жылы облыс әкімінің құттықтау хатына, 2008 облыс әкімі грантына, 2009 жылы Қазақстанның Құрметті журналисі атағына, 2010 жылы С. Торайғыров атындағы алтын медальге, 2011 жылы «Исабек ишан бейнесін үздік сомдағаны үшін» номинациясы бойынша сыйлыққа, 2011 жылы С.Торайғыров атындағы сыйлыққа, 2012 жылы С.Торайғыров атындағы ПМУ профессоры, 2013 жылы облыс алдында сіңірген еңбегі үшін төс белгісіне және облыстың 75 жылдығы медаліне, 2014 жылғы желтоқсанда Ақтоғай ауданының құрметті азаматы төс белгісіне ие болды.

2005 жылдан бастап ол С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде қызмет етіп келеді. 6 ғылыми-публицистикалық кітаптың және 50-ден астам ғылыми мақалалардың авторы.

Қарапайым ауылдан өркен жайып, өзінің еңбекқорлығы мен ынтасының арқасында журналистиканың қыр-сырын меңгеріп, кәсібінің биігіне жете білді. Биік шыңға жетсе де, өзінің сол бір қарапайым, қоңыр мінезінен айнымай келеді. «Өмірден аларымды алдым» деп тоқтап қалған емес, әлі де болашаққа жоспар құрып, халық игілігіне еңбек етуде. Оның жасаған ерен еңбегін бүгінгі қауым жоғары бағалап, жадында мәңгі сақтап қалмақ. «Еңбекпен ер өседі» деген сөз осы болар.

Мақаланы Қазақстан журналистер одағының Павлодар облысы бойынша филиалының төрағасы Юрий Поминовтың әріптесі жайлы айтқан бір ауыз сөзімен тәмам етсек. «Мен Жұмасейіт Қоғабайұлын тұқымы тастың үстінде де өсетін Баянауылдың қарағайымен теңер едім. Әріптесім еш қиындыққа қарамастан, кез келген жерде тасты жарып, тамырын тереңге жайып шыққан қарағайдай өз шығармашылығын жан-жақты дамыта берді».

Мәдениет СҮЛЕЙМЕНОВ

Ағаның алты ауызы
Терезе, есік алдын қар алды да,
Ақпанның тудың түтек боранында.
Көкте аппақ, жерде аппақ кезде туған,
Жүрегі ақ болады екен адамның да.

Содан шығар ақкөңіл тазалығың,
Түбінде қаспағы жоқ қазаныңның.
Түсесің арашаға жаның ашып,
Қате басып, болса егер, жазалы кім.

Қанағатшыл ұлысың қазағымның,
50 жылда аз емес, жаңалығың.
Эфирде жүзің жылы, сөзің жатық,
Келістіріп, өзіңдей жазады кім.

Демейсің жұрттан озып, мақтанайын,
Әділдік үшін тұрасың оққа дайын.
Әдепті, әдемі бір күлкіңменен,
Жылытып жүрсің суық ақпан айын.

Қыз мінезді Жұмасейт қадірлі іні,
Көргенім жоқ өзіңдей сабырлыны.
Амалдап, ақылменен ұстап жүрсің,
Біздей өңшең тентекті, «қағындыны».

Айтар тілек, қол жайып бата беріп,
Жүз жасты Сізге лайық атар едік.
Немере, шөберелер өрби берсін,
Өнерлі, өнегелі атаға еріп.

1990 жылы 24 ақпанда журналист Бақи Әбдіқадыров

Жұмасейт Қоғабайұлына арнап жазған

 

«Білік» № 2 (175), 28 ақпан 2015 жыл