Адам болмысынан өз отбасы мен ата-баба әулетінің салт-дәстүріне, өнеге-тәрбиесіне қарап бой түзеп, өзінің азаматтық және адами дүниекөзқарасын қалаптастыратыны сөзсіз. Ол ата баласынан адам баласына айналу жолында білікті білім, парасатты ой, саналы сезім шырағымен өсіп, қоғамның бары мен жоғына, байы мен кедейіне, махаббаты мен зұлымдығына дайын болатын адам ретінде танылады. Ғұмырын мәнді де сәнді өткізудің майдангері болып, танымы терең, ойы оқ бойы озық болса ғана, өзін де өзгені де қуанышқа бөлейтіні сөзсіз. Біз білетін осындай пенденің бірі – ұлықты ұстаз, тағылымды тәлімгер, ұлт құндылықтарының жанашыры, ғақлия ойы бар ғалым – Олжабай Қайкенұлы Жармакин. Ол – бүкіл саналы ғұмырын білім мен ғылым саласына, оның ішінде филология ғылымына қызмет етіп келе жатқан қайраткер азаматтардың бірі.
Олжабай Қайкенұлы Жармакин өткен ғасырдың алпысыншы жылдары бұралаңы көп, саясаты бөтен заманда жан-жақты білім алып, оны өмір ұстаханасында көріктендіре түсті. Қайнаған өмірде шыңдалған Олжабай аға адал еңбегінің арқасында бірте-бірте биік баспалдақтарға иек артты. Оның үздіксіз ізденісі, қажымай-талмай еткен еңбегі келешекте атқаратын жауапты да үлкен міндеттерге берік іргетас болып қаз-қатар қаланып өмір мазмұны тереңдей түсті. Оңтүстік астананың беделді оқу орындарының бірі – шет тілдер инстиутында ұстаздық етуі, комсомол-партия орган¬дарында жауапты қызметтерді үлкен абыроймен атқаруы, ең бастысы, облысымызда ұстаздар дайындайтын қара шаңырақта тапжылмай отыз жылға тарта еңбек етуі – оның ұйымдастырушылық, басшылық мәдениетінің жоғары екенін танытады.
Оның ерекше қызметінің бірі – қоғамдық қайраткерлік қызметі. Ол кез келген тақырып төңірегінде өзекті мәселенің төте жолын табатын, қарымды шешім қабылдай алатын мінезімен ерекшеленеді. Мәселен, Облыстық тілдер басқармасының басшысы, «Қазақ тілі» қоғамының мүшесі ретінде, яғни тіл жанашыры ретінде жауапты қызмет жасап, облыстағы мемлекеттік тіл ахуалын жақсарту ісіне өз үлесін қосты. Филолог-ғалымдармен, қоғам қайраткелерімен ақылдаса отырып, білім мен ғылым арналарында, қоғамдық ортада тіл құзіретін дамыту жолдарының тиімділігін, қайнар көзін табуда еңбек еткенін айтып кеткеніміз парыз.
Ұлттық мұрат пен елдік мүддені О.Қ.Жармакин Тәуелсіздіктің басты бағамы деп ұғады, оған терең әрі жан-жақты ой жібереді. Біздің қоғамда еркін ойлау жүйесі, батыл іс-әрекет, ұлт мүддесін бәрінен биік қоятын тұлға қалыптастыру және жоғары жауапкершілік жағы аяғын тең баса алмай келеді. Ол мұны Тәуелсіздіктің иірімдері деп бағалайды. Оның саяси, ғылыми-публи¬цис¬тикалық мақалаларында және әртүрлі конференцияларда сөйлеген сөздерінде тілге тиек еткен мәселелері көкейіңе бірден қона қалады. Оның мәнісі, ол – өмірдің өзекті буынын дәл нысанаға алады, өзінің жан-жақты әрі байыпты көзқарасын білдіреді.
Ол – көптілді ғалым. Ана тілінде әдемі әзілдеп, кейде өлең жазатын қарымы тағы бар, орыс тілінде тұщымды ой айтып, неміс тілінде көсілте сөйлеп, үш тілдің қадір-қасиетін салыстыра отырып, саңғырлап ой пікір айтқанда, тіл өнерінің сардары демесіңе шараң жоқ! Бұл да бүгінгі заманның өнегелі үлгісі! Өз ана тілінен жеріп, өзге тілде жарытып ойын жеткізе алмай жүргендер үшін тағылым!

О.Қ.Жармакин – ізгі қызмет көрсетудің тамаша жолдарын білетін, өмірлік тәжрибесі мол, өзіне жүктелген тапсырманы адал орындауды басты парыз санайтын, принципшіл азамат иесі. Ішкі жан-дүниесі мөлдір және бойына адами құндылықтарды сіңірген адам ретінде кез келген мәселе проблемасын бірден еңсеріп кетуі соның арқасы екені күмәнсіз.

Біздің қоғам өсу, даму үстінде. Осы орайда О.Қ.Жармакиннің әр жылдарда жазған публицистикалық естеліктері мен «Аға қадірі» атты туындысында тәуелсіздік мұраттарына қызмет еткен жандар туралы ізлілікті ой жазып, қоғамдық саяси-әлеуметтік ұжым¬дық сананы көтеруді қазіргі басты мақ¬саттардың бірі – ұлттық рухты көтеруді аса маңызды мәселе ретінде қалам тербеген. Оның өмірдегі және қоғамдағы орнын зерделесек, ойы озық, дүниетанымы мол, адамгершілік қасиеті жоғары, өресі биік, зиялы тұлғаның бірі саналады. Жараты¬лысынан пейілі таза, мінезі ашық, ақты ақ, қараны қара деп айтатын тік мінезі болғанымен, үні салмақты да байсалды, жүзі жылы, сырлас, сөзді өресінен танитын, ақын жанды ағамыз әр уақытта жинақты да тиянақты жүреді. Сондықтан оның ең алдымен ұлттық сипаттағы қызметіне, ұлттың рухани дүниесі – тіл, дін және діл жөніндегі ойларына зер салып, осы жолдағы қадамының әлеуеті мен ойының арқауы мейлінше ширыға түскенін ап-айқын ажыратып, толық байқап та, аңғарып та жүргенімізді айтқымыз келеді. Әдемі қартаюдың да сыры осында болса керек! Олжабай ағамыз бүгін сексеннің сеңгіріне шығып отыр, ол С.Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде қызмет етіп келеді. Ол өз ойларын жасырмай, жал¬тақтамай, принципті түрде ашық айтатын ғалым, қоғамның бола¬шағын жастардан көрген ұстаз. Халқының ұлттық мұрат¬тарына сүйсіне қарайтын ұлт¬жанды қайраткер, қарапайым, кіші¬пейіл азамат. Мұның барлығы Олжабай ағамыздың кісілік келбеті. Танымы телегей теңіз Олжабай Қайкенұлын мерей тойымен шын жүректен құттықтап, абыз ақсақалдық қуат, отбасылық баянды бақыт, адами сыйластық ғұмырын тілеймін!

Зейнулина Айман Файзоллақызы,

ф.ғ. к., профессор

Ы.Алтынсарин атындағы Мемлекеттік сыйлықтың

лауреаты, ҚР Білім беру ісінің құрметті қызметкері,

С.Торайғыров атындағы ПМУ «Қазақ тілі» кафедрасының меңгерушісі