Көпшілік кеңестік тарихтың ықпалымен қазақ жұрты кеңестік үкімет билігіне дейін сауатсыз болған деген пікірді қабыл көреді. Шын мәнінде қазақ сауатсыз болған ба? Бұл сұраққа жауапты тарих беттерінен іздесек. Қазақ тілі ғылымының негізін салушы ғалымдарымыздың бірі Ахмет Байтұрсынұлы сауаттылықтың негізі жазу деп білген: «...негіздік нәрсе жазу, оқу жаза білумен бірге қосыла бірігіп кететін қосалқы күйдегі нәрсе», - дейді. (А.Байтұрсынов Шығ. 3т.315б.) Ұлттық әліпбиді алғаш құрастырған Байтұрсынұлы әліппесіз, яғни жазусыз сауаттылықтың негізі болмайтынын нақты білді.

Таста қашалған жазудың сыры

Ғасырлар бойы Орхон-Енисей тастарында қашалып жазылған сөздердің сырын ешкім түсінбей келді. Ал, ХІХ ғасырдың аяғында Дания елінің ғалымы В.Томсен бұл сырға толы сөздердің жауабын тапты. Бұл сөздер түркі тілінде жазылғаны анықталды. Оны бүкіл әлем мойындады. Бүгінгі қазақ тілінің тарихы да осы Орхон-Енесей, Тараз, Талас маңынан табылған тастарға қашалып жазылған сөздерден бастау алатыны сөзсіз. Бұл сөздер VІ ғасырда ғұмыр кешкен түркі тайпаларының еншісінде еді. Құтлық қаған, оның әскер басшысы Тоңқұк, Құтлықтың ұлдары Күлтегін, Білге жайында, түркі қағанаты туралы мәліметтерді таста жазылған дастандардан білеміз. Бұл ескерткіштер біздің ертеректе де сауатымыз ашық болғанын білдірсе керек. Демек, бізде жазу үлгісі, әліпби сол ғасырларда да болды деген дерек бар. Кем дегенде бір жарым мың, екі мың жылдық тарихы бар түркі алфавиті – түркі халықтарының көне заманнан жеткізген ең үлкен мәдени жетістігі.

Шағатай әліпбиі шалқып тұрды

Жерімізге ислам діні кірмей тұрып-ақ шағатай тілі шалқып тұрды. Қазіргіше айтқанда халықаралық тілдің қызметін атқарды. Ислам орныға бастасымен, араб-парсы тілдері халық өмірінен көрініс тапты. 1072-1929 жылдары қазақ халқы «шағатай» қаріптерін және араб жазуын қолданды. Парсы, араб тілдері шағатай тілімен араласып, бірігіп кетті. Сол кездегі сауаттылар бұл тілдерді жақсы меңгерген ақ еді. Отырар қаласындағы ең үлкен кітапхананың болғандығы рас болса, кітапхананы шаһар тұрғындары қолданғаны сөзсіз. Кейбір жерлерде араптың ұлы ұстазы деп берілетін, «Әлемнің екінші ұстазы» Әл-Фарабиді, ғылымды көтерген Хорезми, Беруни, Ұлықбекті өмірге келтірген түркі халықтары мақтан ете алады. Отызға жуық әлемге танылған білімді фарабтықтардың шығуы мұнда оқу-ағартудың болғандығын аңғартса керек.

А.Байтұрсынұлының «Жаңа емлесі»

ХХ ғасыр басындағы патшалық Ресей заманында қазақ тілінің дамуы қазақ халқының асыл ұлы А.Байтұрсынұлының есімімен байланысты. 1912 жылы А.Байтұрсынұлы құраған «Жаңа емле» деп аталатын төте жазуды 1929 жылға дейін қолданып келді. Сол жылы араб әліпбиінен бас тартып, латынға ауыстық. 1940 жылдан бастап кириллицаға көштік. Отыз сегіз жыл ішінде билік үш жазба әліпбиіне ауысып, халықтың санасының астан-кестенін шығарды. Бұл жағдай да халықтың сауатсыздығын күшейтетін фактордың бірі. 38 жыл бір ұрпақтың еңселі жасында, есеңгіреп қалды ел.

Ж.Аймауытұлы, жазушы, публицист:

Төңкерістен бері қазақ елінің басынан қандай күндер өтпеді? Қазақ даласын көмірдей басып ақтар өтті. Оның артынан қызылдар келді. Қазақ даласында соғыс майданы ашылды. Мұның бәрі қандай із қалдырды? әуелі кезде партияға тонын айналдырып талайлар кірді. Олар түрлі қызметпен, сайлау жұмысымен ел аралады. Сауатсыздықты жоятын дүмше мұғалімдер тарады.

Голощекиннің Сталинге жазған хатынан:

Қазақтың интеллигенциясын жою үшін оларды бір-біріне айдап салып, көзін түгел құрту керек. Олардың өскелең ұрпағын аға буынның мұрасынан құр қалдыру үшін жазуын екі рет өзгерту қажет. (Түркі әлемі № 7-8, 2012ж.)

А.Байтұрсынұлы, жазушы, ағартушы, ғалым:

...Балаларын ана тілімен оқымай, орыс тілімен оқысын, ана тілін оқыса да орыс қарпімен оқысын дейді. Өкіметке керегі – мемлекеттегі жұрттың бәрі де бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, ал халыққа керегі - өз діні, тілі, жазуының сақталуы.
«Сауатсыз болғанбыз» деп жар салғандар, тіліміздің, жазуымыздың тамыры тереңде екенін тарих беттерінен біле жатар. Ғасырлар бойы бізге мирас болып келген жәдігеріміз атадан аманат болған – тіл әр ғасырда сыртқы қалпын өзгертіп тұрса да, өзінің болмысын, тамырын, мәнін жоғалтпаған. Сауаттылықтың әркезде формуласы әртүрлі болған, сірә. Бүгінгі күннің білімі кешегі күннің білім деңгейімен сай келмесе, бұл – сауатсыздықтың белгісі болмаса керек.

Жанар ӘБДІҚАЛИҚЫЗЫ

«Білік», №11, (145), 28 қыркүйек, 2012жыл