Жүсіпбек Аймауытұлы оның бейнесін өзінің өшпес шығармасында мәңгіге таңбалап кетті. «Қартқожа» романы тарихи деректер мен шынайы оқиғалар желісінен құралған. Алайда, бүгінге дейін бұл шығарманың бас кейіпкер бейнесі көп оқырман үшін көркем әдебиеттің қиыстырылған дүниесі іспеттес болып келді.

Бүгін біз қазақ халқының дарынды ұлдарының бірі, көптеген замандастары сынды сталиндик репрессия жылдарының құрбаны болған айбынды тұлғаның бізге беймәлім қыры мен сырын ашуға тырысып көрелік.

Сауалнама

Жалпы, Жүсіпбек Аймауытұлының «Қартқожа» атты дара туындысына арқау болған Қартқожа Тоғанбаев кім? Осы материалды дайындау барысында бұл сауал бізді мазалағаны рас. Алайда, ауқымды да терең социологиялық зерттеу жасауға уақыт тапшылығы, мүмкіндіктеріміздің шектеулі болғандығы кедергісін тигізбей қоймады. Өз ортамызда жасаған сауалнаманың өзі (сауалнамаға қатысушылар жасы мен мамандықтары әртүрлі) көпшіліктің ол жайында еш хабарсыз екеніне тағы көзіміз жетті. Жастардың барлығы дерлік «жоқ, оның кім екенін білмейміз» деген жауап қатты. Ал, орта буын өкілдері арасындағы зиялылар оның Жүсіпбек Аймауытұлының әйгілі туындысы «Қартқожа» романының бас кейіпкері екенін естеріне салып жатқандары кездесті. Сауалнамаға қатысушылар арасынан бірнешеуі ғана, яғни, қазақ әдебиеті саласының мамандары «Қартқожа» болған оқиғалар желісімен жазылғанынан әрі Тоғанбаевтың өмір сүрген тарихи тұлға екенінен хабардар болып шықты.

Дегенмен, Қартқожа Тоғанбаев – Міржақып Дулатұлы, Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы сынды үзеңгілес жолдастарымен бір қатарда тұруға лайықты, өз халқы мен өз уақытының көрнекті қайраткері...

Беталысы

Қартқожа Жананұлы Тоғанбаев 1986 жылы Баянауыл округінде (бүгінгі Павлодар облысының, Баянауыл өлкесі) дүниеге келген. Баянауыл жері – Ұлы Дала аймағындағы «рухани мекен» десек әсте, қателеспейміз. Қазақстанның өнері мен ғылымының белгілі қайраткерлерін жарық дүниеге сыйлап, киелі топырағына аунатып, өсіріп, жетілдірген өлке. Сондай ұлдарының бір Қартқожа. Қартқожаның адал да білімге құштар болуына ата-аналарының ықпалы зор болды. Олар округтың аға сұлтаны, данагөй Мұса Шормановпен, ағартушылық идеясын насихаттаушы Машһүр Жүсіп Көпейұлымен етене араласты.

Алғашқы сауатын Қартқожа ауыл молдасынан алады. Сол кездің өзінде ол құрдастары арасынан өткір ойлылығымен, зейінділігі мен тапқырлығымен көзге түседі.

Білімін жалғастыруына жоқшылық аяғына тұсау болады. Кенеттен 1916 жылы патшаның атақты жарлығы шығады. Сол жарлыққа сай 19-43 жас аралығындағы қазақтар сол уақыттағы әскер күштерінің қорғаныс құрылыстарын құру жұмыстарын жасауға тылға жіберілуі тиіс болатын. Жиырма жасар Қартқожаның да жұмылдыру ісіне атсалысуы шарт еді.

Сол сапардан алдына заңғар мақсаттар қойып, білімді игеруге деген құлшынысы артып елге оралады...

Журналист

Тоғанбаев қоғамдық жұмыстарға жеңін сыбана кірісіп кеткен-ді. Ол Баянауыл Кеңесінің қызметкері, ревкомның мүшесі болып қызмет етеді. Ұстаздық тәжірибесі бар Қартқожа Омск қаласына барып, 1927 жылы рабфакті бітіреді. Сол жылдардың біліктілік талабына сай ол абыройлы журналист мамандығының иесі атанды. Білімге деген құштарлығы оның ары қарай оқуды жалғастыруына сеп болады. Өз ойының жан-жақтылығының арқасында 1931 жылы Томск технологиялық институтын (бүгінгі Томск политехникалық университеті) тамамдайды. Қартқожа – өз туған тілінен өзге орыс, татар, араб, латын тілдерінде еркін сөйлеген, көркем суретші, каллиграфия өнерін меңгерген жоғары білімді азамат.

Ол ендігі «Серке», «Қазақ елі», «Қазақ» газеттерінде белсенді қызмет атқарады. Оның әріптестері, пікірлес жолдастары Бейімбет Майлин, Сәкен Сейфуллин, Ахмет Байтұрсынұлы және тағы басқа қазақтың белгілі зиялылары еді. Қазақ ұлтының бірлігіне ықпал етуші басылымдардағы еңбек еткен кездерін оның шығармашылығының жемісті жылдары деп айтуға болады.

Педагог

Ол құр қиял жетегінде жүре бермей, өзінің теориялық концепцияларын өскелең ұрпақты оқыту барысында қолданады. Қартқожа өзінің ғұмырын педагогикалық еңбекке бағыштаған жан. 1926 жылы Қызылжардағы мұғалімдік курста оқытушы болып қызмет етеді. Содан кейін де ол журналист, аудармашы бола тұра бұл істен қолын үзбеді. Жаз маусымында Баянауыл округінің ауылдарында балаларға оқу оқытады. Ал, 1933 жылдан бастап өмірінің соңына дейін Алматы қаласындағы Коммунистік ауылшаруашылық мектебінде ұстаздық етеді. Тоғанбаевтың шәкірттері арасында Отанымыздың гүлденуі мен көркеюіне сүбелі үлес қосқан жандар баршылық. Соның бірі, белгілі жазушы, драматург, дарынды аудармашы Зейтін Ақышев.

Аудармашы

Қартқожа Тоғанбаев тарихта өте қабілетті аудармашы ретінде де таныс. Қазақ мемлекеттік баспасының құжаттық материалдарында Тоғанбаевтың оқулық және басқа да әдебиеттерді орыс тілінен қазақ тіліне тәржіма жұмыстары туралы мәліметтер бар. «Физика бойынша есептер жинағы», «Қызыл әскердің даладағы санитарлық дайындығы», «Қоғамтану», «Геометрияның жүйелі курсы», «Ауылшаруашылығының механизациясы», «Электр қуаты мен физика бойынша ғылыми-техникалық әдебиет», «Бастауыш мектептерге арналған денешынықтыру бойынша бағдарлама», «Комбайндар», «Слесарлық кәсіп», тіпті «Паровоз» атты нұсқаулық әдебиеттердің қазақ тілді оқырманға жол тартуына дәл Тоғанбаевтың өзі жол салады.

Бірақ, ол тек аудармашы десек қателесеміз. Ол техника қауіпсіздігі, орыс-қазақ терминологиялық сөздік курстары (1937 жылы жарық көреді), өкінішке орай біз әлі білмейтін тағы бірқатар еңбектердің авторы екені даусыз.

Алаш орда қайраткері

1917 - 1920 жылдар аралығында Қартқожа Тоғанбаев елін сүйер тұлғалы азаматтар бас қосқан «Алаш» партиясы қайраткерлері қатарында. Ол Әлихан Бөкейхан, Ахмет Байтұрсынұлы, Жүсіпбек Аймауытұлы, Міржақып Дулатұлы, Сәкен Сейфуллиндермен араласып, бірге қызмет етеді. Қазақ халқының бір ту астына бірігуі алашордашылардың аңсаулы арманы болды. Тоғанбаевтың да асыл арманын осы еді. Отызншы жылдары Қартқожа қазақ әдебиетінің майталманы Мұхтар Әуезовпен бірге жазушының жаңа шығармашылығына керек материалдар жинау мақсатында тізе қосып қызмет еткен. Оның жұбайы Тоғанбаева Шейла мұқият сақтаған күнделігінің бір жерінде былай делінген: Әуезов берілген деректерге: «бұл менің көркем шығармаларым үшін таптырмас ақпарат болатын болды», – деп бір марқайып қалған екен. Бұл дерек көзі Алашорда қозғалысы туралы болуы бек мүмкін. Себебі Тоғанбаевтың өзі Алашордашылардың белді мүшесі екені рас. Ол 1938 жылы нағыз қайраты тасыған шағында атылып өлтірілді. Әрине, себеп Алашорда партия мүшесі болғандығында екені хақ. Оған тағылған айыптың өзі ақылға сыймас негізсіз еді: Жапон мемлекетінің тыңшысы әрі Күншығыс елімен бірлесіп түркі мемлекетін қайта жандандыруға тырысуда деген ауыр айып тағылды. Ол өмірінің соңына дейін өзінің ұстаздық шақырылуына әрі қоғамдық жұмыстарға адал болды. Мирзоян қатысады деп жоспарланған ірі педагогикалық форумға бара жатқан сапарында ол тұтқындалады...

Бүгінде Қартқожа Тоғанбаевтың зиратының орыны қайда екені беймәлім. Әзірге ғана беймәлім деп сенейік.

Прототип

Жүсіпбек Аймауытұлының «Қартқожасы» шығармалық жанрлардың еуропалық талабына сәйкес келген қазақ әдебиетіндегі алғашқы туынды. Ол 1926 жылы Қызылорда қаласында жарыққа шығады. Қартқожа Тоғанбаев Аймауытұлының жолдасы, әріптесі әрі оның романының басты кейіпкеріне лайықты болған жан. Сонымен қатар, осы уақытқа дейін Тоғанбаев (романда кейіпкердің фамилиясы көрсетілмейді) бейнесі көркем шығармадағы ойдан шығарылған кейіпкер ретінде бейнеленеді. Аймауытұлы Қартқожа бейнесі арқылы қазақтың сол кездегі ұлт білімгерлерінен жинақталған «өзін өзі жасаған» қазақ зиялысын көрсете білді. Өзін жасаған деуіміз кедей буынынан шыққан ол біртіндеп білім шұғыласына ұмытыла отырып, білімге деген құштарлығы арқасында жаңа ғасыр батырларының қатарынан көрінеді.

Қартқожаның сүрген ортасы қайғыға толы болғанын Аймауытұлы сақ дәлдікпен көрсете білді. Бұл дегеніңіз қазақ ауылдарындағы сіңірі шыққан кедейлік, ақ патшаның қазақ ер азаматтарын әскерге алу туралы қатаң бұйрығы сияқты оқиғалар романда анық сипатталды. Автор Қартқожаның басынан өткерген ауыр сынақтар оның білімге деген қызығушылығын одан әрмен жалындата түскенін дөп жеткізді.

Ұрпағы

Қартқожадан үш бала қалды, екі ұл және бір қыз. Жұбайы Шейла Тоғанбаева мен балалары халық жауының отбасы бола тұра ғажап жолдармен аман қала алды.

Үлкен ұлы өкінішке орай бақилық болды. Майқы Тоғанбаев Жамбыл облысында тұрып, телекоммуникация саласында қызмет етті. Қарқожаның жалғыз қызы Шолпан Тоғанбаева кезінде Қарағандыдағы балалар үйінің директоры қызыметін атқарған, қазір сол қалада өмір сүріп жатыр. Кіші ұлы Төлештің бір жасында әкесі атылып кеткен еді. Төлеш Қартқожаұлы техника ғылымдарының кандидаты, Қазақ мемлекеттік ауылшаруашылығы институтының доценті. Асылында, Қартқожа Тоғанбаевтың балалары әкесінің сегіз қырлы тұлғалығының жалғасы деуге болады. Тұңғыш ұлы техникалық салада қызмет еткен, қызы өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, яғни, педагогикаға өмірін арнаған, кенжесі өмірінде осы екі саланы да тоғыстыра білген жан. Қартқожаның немерелері мен шөберелері де оның білімге деген ұмтылысын мұра етіп, өмірлік ісінің жалғасы болары сөзсіз. Оның ұрпағы білім шыңын бағындыруда, оны жүзеге асыруға қазіргі уақытта барлық жағдай жасалынған. Бұл дегеніміз Қартқожа мен оның пікірлестерінің ойлары текке кетпегенін көрсетсе керек.

Айтар ой. Қартқожа Тоғанбаевтың өмірі, шығармашылығы мен құнды мұрасын зерттеу енді ғана басталып келеді. Сталиндік зұлмат заман Қартқожа Тоғанбаевты да аяған жоқ. Сол бір ұмыт қалған жылдардың жаңғырық үні әлі де құлақтан кетпек емес. Бүгінде алаштың арысты ұлы Қартқожаның еңбектері арқылы Қазақстанның ұлы мәдениетін қазыналы ету бәрімізге ортақ міндет, халық алдындағы парыз.

Біз осы материал арқылы ұлы тұлғаның ел мәдениетіне еңбегін сіңірген алдыңғы қатарлы қайраткерлердің қатарынан көрінуге деген алғашқы іргетасты қаладық деген үмітіміз бар.

Айман ЗЕЙНУЛИНА

Дмитрий ЛАРИОНОВ

Жанар ЕЛЕШОВА

«SMS+» № 4 (52), 2014 жыл, 30 сәуір.