Қазақтың сайын даласын жалы желбіреп ойнақтаған үйір-үйір жылқыларсыз елестету мүмкін емес. Қазақ халқы үшін жылқы жаны да, бары. Қасиетті жылқы малы ер жігіттің арына, бір әулеттің бағына саналды. Қамбар ата төлін зерттеп қазақтың пәлсапалық дүниетанымын танып білуге болады дейді жылқы сүйер азаматтар. Асылында қасиетке танылған жануар өз қадірін мінезінен тапса керек. Жақсы адамды қазақ «жылқы мінезді» деуінің сыры осында жатыр ау шамасы. Тұла бойы адам баласына дәру малды алғаш рет өзіне серік еткен де дала көшпенділері екен. Оған қасиет дарытып, оларсыз күнін қараңға балаған көрінеді қазақтар.

Жылқы малы алғаш рет қазақ даласында қолға үйретілген

Жылқы малы алғаш рет Еуропа мен Монғолияда емес, қазіргі Қазақстан аумағында қолға үйретілген. Солтүстік Қазақстан облысындағы қазба жұмыстары кезінде ежелгі ыдыстардан қымыз қалдықтарын тапқан археологтар осындай тұжырым жасап отыр. Бұл жаңалықты британдық ғалымдар жаһанға жар салды. Дүниежүзінің ғалымдары үшін 1980-ші жылдарда Көкшетау облысы, Ботай қонысында жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары нәтижесінде (б.з.д. ІV-мың жылдықтың аяғы – ІІІ-мың жылдықтың бас шенінде) энеолит дәуірінде пайда болған ежелгі жылқышылар мекені әлемдік маңызы бар археологиялық нысан болды. Бұл жерден табылған орасан зор сүйектердің қолда ұсталған әрі қолда үйретілген жылқылардікі екені анықталды. Мәселен, жабайы жылқылардың табиғат апатынан немесе ауру мен жаппай індет шалған жылқы үйірлері, жоқ дегенде он шақтысы бір жерден сүйектері табылады. Жылқы сүйектерінің көптігі соншалық, ботайлықтар сүйектерді құрылыс материалы ретінде баспана, қора-қопсылардың қабырғасын бекіту үшін пайдаланған. Петропавл маңындағы ботайлықтардың ежелгі мекенінде қазба жұмыстары осыдан 30 жыл бұрын басталған. Сол кезден бері 200 мың көне заттар табылған. Жәдігердің сараптамасы Ұлыбританияның Бристоль университетінде жүргізілді. Өйткені елімізде мұндай зерттеумен айналысатын биохимиялық зертханалар жоқ екен. Бұл құнды қазбалар жөнінде Солтүстік Қазақстан университетінің профессоры, тарих ғылымының докторы, белгілі археолог В.Зайберт былай деп тұжырым жасайды: «Бұған дейін жылқы Орталық Еуропа мен Монғолия аумағында қолға үйретілген деп келдік. Бірақ бұл болжамдар дәлелденбеген болатын. Ботайлық жылқы үй жылқысының арғы тегі болып саналады. Құман ішіндегі май молекулары қымыздікі екені дәлелденді. Ал асау биені сауу мүмкін емес».

Ғаламды шулатқан жаңалық

Адамзат тарихындағы сенсациялық жаңалықты ашқан шетелдік ғалымдар 1994 жылдан бері Солтүстік Қазақстан облысындағы өлкелерде археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген. Өркениет тарихында жылқылар алғаш рет қазіргі Украина топырағында қолға үйретілді деген де тұжырым болған бұдан бұрын. Алайда, соңғы зерттеулердің қорытындысы жылқы қолға үйрету өркениеті Азиядан басталғанын көрсетуде. «Жылқы ғалымдар ойлағаннан мың жұл бұрын қолға үйретілген» атты мақала «Horse» атты ағылшын тіліндегі журналда жарық көрген. Мақала авторы Кимберлей Броун «Лос Анжелес Таймс» газетіне сілтеме жасай отырып, жылқылар еуропалықтар ойлағаннан екі мың жыл бұрын ерте қолға үйретілгенін мәлімдейді. Кейін, «Жылқы қолға үйретілді. Бие байлау Қазақстанда басталған» атты мақала «National Geographic News» атты ғылыми басылымда жарық көреді. «Қазіргі күні Қазақстан деп аталатын далалық өлке тұрғындары алғашқы болып жылқыға мініп, оның сүтін ішкен. Бұл мәдениет 5500 жыл бұрын басталған» деп хабарлайды басылым. «Олар жылқының етін жеп қана қоймай, сонымен қатар оның сүтін де тағам ретінде пайдаланды» дейді археологиялық қазба жұмыстарын жүргізген жетекші ғалым, Ұлыбританиядағы Эксетер Университетінің қызметкері Алан Оутрам. Осыдан 3600-3700 жыл бұрын қазақ жерінде Ботай халқы бірінші болып жылқы малын қолға үйретті деп санайды ғалымдар. Ботайлықтар Есілдің жағасын мекендеп, жылқының етін жеп күн кешкен. Ғалымдар жылқы сүйегінің бір жерде шоғырланғанына қарап, ботайлықтар жылқы малын будандастыруды да меңгерді деген тұжырым жасайды. Оутрамның осы пікірі «The Science» журналында жарық көрді. Кейбір жылқының тістері мүжілгені, оған сызат түскені де байқалған. Осыған қарап, жылқының мініске пайдаланғаны, ауыздықталғаны анықталды. «Егер биені сауып, сүтін алған болса, бұл жылқылар жабайы емес деген сөз. Яғни қолға үйретілген», дейді осыған орай Нью-Йорк қаласындағы Хартуик университетінің зерттеушісі Давид Антони. «Біз тапқан жаңалықтан байырғы адамдар біз ойлағаннан да өнертапқыш екенін көріп отырмыз» дейді ғалым.

Жылқы – малдың патшасы

Қазақ жерін мекен еткен тайпалар жылқыны ерекше құрметтегенін археологиялық қазба жұмыстарынан да, халық фольклорынан да аңғаруға болады. Сақтар кезеңінде қазақтың атқа деген қасиеттілігі арта түскен. Себебі, сақтар ат құлағында ойнау өнерінің биік шыңына жете білген бірден бір ел. Олардың ерлері ғана емес, әйелдері мен бүлдіршіндері де ат жалынында ойнақтаған. Балалары ат үстінде соғысу тәсілдерін жастайынан меңгеріпті, бір қараған адамға қорқыныш ұялатқан мыс. Сақтардың жорықтарынан кейін атпен бірге жаратылған кентаврлар туралы аңыз қалған. Қалай болған да, жылқыға салт мінуді қас өнер шыңына жеткізіп, оны әскери әдіс-тәсілдермен шебер ұштастыра білген сақтар өз заманының қуатты еліне айналған. Олар өздерінің жаңа жерлерді жаулап алуына, тіршілікке қажетті байлықтарға кенелуіне жағдай жасаған жылқы баласын аса құрметтеп, жан серігі санаған. «Олар аттарына да мыстан кеудені жауып тұратын сауыт кигізеді. Ал, жүгендерін, шылбырын алтынмен әшекейлейді», – деп жазады ежелгі грек тарихшысы Геродот. Сақтардың патшалары, қолбасшылары мен батырларының тек өздерінің бас киімдеріне ғана емес, мінген аттарының төбесіне де лауазымдық белгі – жыға таққаны туралы деректер де бар. Олардың қайтыс болған хандарын, ханзадалары мен батырларын т.б. жерлегенде, оның жан серігі болған атын жанына бірге қою ғұрпы да «иесіне аты о дүние де серік болады» деген сенімнен пайда болса керек. Бұға айғақ болатын 1999 жылы Шығыс Қазақстан облысы, Қатон-Қарағай ауданы, Бірел ауылының маңынан табылған 72 бейіт. Көзге түскені сақ көсемі мен оның атының алтынға малынып тұруының өзі әлемдік кереметтерге баланды.

Жырға арқау болған

Қазақтың қай ертегілері мен аңыздарын, жырлары мен дастандарын алсаңыздар да жылқы малының қасиеттілігін жырлаған. Бас кейіпкердің жан серігі, ақылшысы, кейде тіпті сиқырлы кейіпке еніп иесін қамқорына бөлейтін де осы жануар. Ешбір өзге ұлттың ертегі, дастандарының басты кейіпкері етіп жылқыны нысана еткенін еш жерден оқымасыңыз анық. Бас кейіпкерге елеулі есім беріп, құрметке бөлегені қазаққа тән мәдениеттің нышаны болғаны рас.

Жылқыны ерттеу – үлкен төңкеріс

«Мен үшін жылқы малының қолға үйретілуі адамзат тарихының бүршік жарған кезімен тең. Ескендір, Шыңғыс хан тәрізді шапқыншылардың барлығы дерлік жылқы малы болмаса, түк те істей алмас еді» дейді Кимберлей Броун «Лос Анжелес таймс» газетіне берген мақаласында. Қазақстанда әлі күнге дейін жылқының сүті қымыз ретінде пайдаланатыны белгілі дейді шетелдік ғалымдар. «Бұл жайттың өзі қымыз дайындау қазақ даласында сол кезден бері үзілмей жалғасып келе жатқанының айғағы» дейді ғалым. Адамдардың жылқы малын қолға үйреткені емес, бірінші кезекте оны көлік құралы ретінде тұтынғаны тарихи маңызды. Себебі адамдар жылқыны ерттеп мінгеннен бастап, адамзат тарихында үлкен төңкеріс жасалды.

Ас атасы – жылқы малы

Қазы мен қарта, жал мен жая – ас төресі. Қазақ тағамтану академиясының академигі Төрегелді Шармановтың пайымдауынша, қазы-қартаны сіңімділігі және ағзаға пайдалылығы жағынан қазақтың қазысымен иық тіресе алатын тағам түрі жер бетінде жоқ. Жал мен жаяның бойында да түрлі дәрумендер көп. Мамандар бұл тағамдарды көбіне спортпен айналысатындарға жеуге кеңес береді. Термен шығып кететін кейбір элементтердің орнын толтыратын бұл тағамдар жуырда престелген күйінде айға ұшатындар үшін де дайындалмақ. Қазақ тағамтану академиясының президенті Төрегелді Шарманов: «халық медицинасы қыста жылқы етін жеген адамдардың көп тоңбайтынын айтады. Топырағы құнарлы, шөбі шүйгін өлкеде қазекем қашаннан төрт түлігін бағып, қазы мен қартасын кертіп жеп, қымызын сапырып отырған. Бүгінде ата кәсіпті жалғастырушылар көп. Бірақ нарықтық заманның әсері ме, ет жеп ұрты майланып отырған қазақ отбасылары аз. Сондықтан біздің елімізде ұлттық тағамды жаңғырту академиясы құрылуы керек дер едім. Сонда біз ұлттық тағамдар арқылы тектілігімізді арттыра аламыз», - деп ағынан жарылды академик.

Желмен жарыса шапқан жылқыларға төнген қауіпте аз болмады. Соғыс пен жау оғынан қаншамасы қырылды. Одан кейін жүгері жауы деген желеумен аттарды қырып тастамақ болған Хрущевшілердің әрекетіне Дінмұхамед Қонаев араласып, жылқыны аман қалдырады. Соған қарамастан, Қазақстан жылқы саны бойынша әлемде үшінші орында. Алдыңғы қатардан бой түзесек те шетелге жылқы етін экспорттауға әлі де шамамыз келмей отыр.

Жылқы министрлігі бар ел

Ұлыбритания мен Американың ғалымдары осыдан 5500 жыл бұрын алғашқы жылқының өзге емес, дәл осы қазақтың қасиетті жерінде пайда болғанын дәлелдеп шығып, күллі әлемге мойындатып отыр. Солай болса да елімізде жылқымен айналысып, жүйрік баптап жүргендерге мемлекет тарапынан еш жағдай жасалмайды екен. Мысалы, Түрікменстанда жыл сайын дәстүрлі жылқы мерекесі тойланады. Ақалтеке жылқысы тұқымының бұзылмауын олар қатты қадағалайды. Бұл елде тіпті жылқы министрлігі де бар. Ал бізде жылқы шаруашылығын зерттейтін бір де бір институт та жоқ.

Түйін. Ат басында ойнаған атаның ұрпағы ат үстінде ойнамақ түгілі соңғы жылдары жылқыны тамашалауға зар болды. Қазақтың басынан қилы заман өтті, жау тұяғы таптады, дұшпан семсері сермеді. Жазиралы кең даланы ұрпағына сақтап қалуы үшін қасиетті жылқы малының рөлі де орасан болды. Ал қырық жыл қырғынында айрылмаған Қамбар төлінің қасиетін тәуелсіз ел ұландарына аманатболсын.

Жанар ЕЛЕШОВА

«SMS-»№4 (41), 2013 жыл, 29 сәуір.