Ғалым қазақ ауыз әдебиетін жинақтап, жүйелеп, қазақ әдебиеті тарихы, Абайдың өмірі мен шығармашылығы, әдебиеттану мен фольклордың теориялық мәселелері туралы іргелі еңбектер жазған. Сан алуан мақалаларымен ағымдағы мәселелерге дер кезінде үн қосып отырған. Ол қоғам және мемлекет қайраткері ретінде дүниежүзілік аса маңызды мәселелерді шешуге, халықтардың рухани ынтымақтастығын дамытуға елеулі үлес қосқан. Қазақтың даңқты жазушысы, ғұлама ғалымы, әдебиет сыншысы, тамаша педагогы, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің даралығы мен даналығы, заңғарлығы мен дархандығы қай салада болмасын көрініс тауып отырған.

Бала Мұхтар

Мұхтар Әуезов 1997 жылы 28 қыркүйекте Семей облысы Шыңғыс болысындағы Аяққараған мекенінде көшпелі қазақ Омархан Әуезовтің отбасында дүниеге келді. Мұхтардың бабасы Бердіқожа шешен және сауатты кісі еді, ол ата-бабаларының салт-дәстүрлерін сақтаған, қызыл тілдің хас шебері болған адам. Бала Мұхтар қазақ ауыз әдебиетінен сусындап, ертегіні ермек етті, халық аңыздары мен тағылымды әңгімелерге қанығып өсті. Ол дүниеге келген жылы қазақтың ұлы ақыны Абай 52 жаста еді. Ол кезде Абайдың есімі ел ішіне кеңінен тарап, танымалдығы артып тұрған уақыт болатын. Мұхтар ес білгелі Абайдың өлеңдері мен терең ойлы сөздерін жаттап, бойына сіңірумен болды. Оның қаламы қарымды қалмагер болуына қазақи тәрбие мен Абай шығармашылығына деген ынтызарлық себеп болса керек.

Алаштың Мұхтары

Мұхтар алғаш сауатын Семейдегі медреседе ашты. Кейін бес сыныптық орыс мектебін, оқушылар семинариясын тәмамдады. Шәкірт Әуезов мінсіз тәртібімен, айрықша дарындылығымен, тектілігімен, аса сыпайы мінез-құлқымен өзгелерден дараланған деседі. Тамаша спортшы қаладағы бірінші «Жарыс» футбол командасында ойнаған. Болашақ жазушының айтуы бойынша, орыс мектебі «өзінің айқара ашылған ақжарқын құшағымен тартқан».

1918 жылы Мұхтар Әуезов Семей қаласының өкілі ретінде Омбы қаласында өткен жалпы қазақ жастарының құрылтайына қатысып, оның орталық атқару комитетінің мүшесі болып сайланады. Құрылтайда «Алаш-орда» үкіметі мен Алаш қозғалысының бағытын ұстанған «Жас азамат» атты Бүкілқазақстандық жастар ұйымы құрылады. Ұйымның белсенді мүшесі бола жүріп, «Абай» ғылыми-көпшілік журналын шығаруға Жүсіпбек Аймауытұлымен бірге атсалысады.

Ол білім алып жүрген уақытта Семей қаласы еліміздің саяси орталығы еді. Семейге келіп, Мұхтар Әуезов Әлихан Бөкейханов, Ахмет Байтұрсынов бастаған алашордашыл азаматтар қатарындағы Міржақып Дулатов, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов сынды қазақтың дарынды ақын-жазушыларына қосылды. Алашордашыл бағытты ұстанған жастармен етене араласып, Мұхтар ұлтының бағының ашылуын аңсап, туған жұртына деген қамқорлығы арта түсіп, ұлттық бағытқа бет бұрады. Оның ағартушылық-демократтық бағытта жазған сол уақыттағы мақалаларында өнер-білімге, ғылымға, кәсіпке ұмтылмай, қамсыз отырған халқының болашағына алаңдаушылық, жақсылыққа жетелейтін жол іздеу байқалды. Кейін келе жазушы публицистикасы әдебиет мәселелеріне қарай ойысады. Кейін кеңестік билік орнағаннан кейін Мұхтар Әуезов өмірінің осы бір үзігі, ұлтына деген осы бір жанашырлығы үшін тіршілігінің ақырына дейін қудаланатын болады. Ол кеңестік билікті жырына қосып жүріп, халқының мұң-мұқтажын жоқтады, қазағының жарқын болашағын ойлаудан еш талған емес.

«Абай жолы» – Мұхтардың әдебиет жолындағы жарық жұлдызы

Мұхтар Әуезовтің туындыларының ішіндегі шоқтығы биік еңбегі – «Абай жолы» роман-эппопеясы. Бұл еңбек қазақ халқының тұрмысы мен қасиетін, ұлттық танымы мен болмысын тамаша суреттеген қазақ әдебиетінде бірегей орынға ие еңбек әрі бүкіл қазақ халқының мақтанышы. Алғашқыда жазушының роман жазу туралы ойы да болмаған көрінеді. Роман дүниеге келмес бұрын жазушы ақынның шығармашылығы мен өмірбаянын зерттеумен шұғылданады. Абай шығармаларының толық жинағына редактор болады, оның өмірбаянын жазады, ақын мен оның заманына байланысты тарихи деректер жинайды, орыс жазушысы Леонид Соболевпен бірлесіп «Абай» трагедиясын дүниеге әкеледі. Кейіннен Абай туралы жиналған материалдың көптігі соншалық, жазушыға роман жазуға тура келеді. Тіпті, Әуезовтің романға кірмей қалған мәліметтерінің өзі қаншама. Ал материалдың көптігі айтулы еңбектің сәтті болып шығуына өз үлесін тигізеді. Мұхтар Әуезов: «Бірте-бірте өз халқының көзі болған Абаймен мен де сол халықтың жан жүрегін ұғуға және соны бір абзал қалпында ашып беруге, жайып салуға тырыстым. Жас Абайдың жалын атқан сезімі, жігіт ағасы болған Абайдың толғаулы ойлары мен әрекеті, кәрілік меңдеген шақтағы халық қамқоры, халық ұстазы болған Абайдың тартысы мен тақсіреті міне осының бәрі сол дәуірдегі халықтың да жаны мен жүрегін ұғуға бастайтын жол еді», - деп романның жазылу сырына қанықтырды.

Бұл еңбекте жазушы өзінің дарынының барлық қырынан ашылады. Өзінің бала күніндегі әрбір сәтті есіне алып, барынша оқырманға шынайы бейнелеп беруге тырысады. Кемеңгер тұлғаның болмысын кейінгі ұрпаққа жеткізуді мақсат еткен жазушы бұл еңбекте балалық күндеріндегі Абай туралы естіген әңгімелер мен естеліктерге жан бітіріп, ақынның ғибратты өткеніне өмір сыйлады. Ол бала кезінен ақынның жары, балалары, жақындары, туыстары, достары мен ауылдастарымен Абай туралы естеліктерді ұзағынан тыңдап, Абайдың өнері мен тағлымына қанығушы еді. Жазушы Абайды ең біріншіден өз уақытының жемісі, өз заманының үні екенін жадында ұстады, соны оқырманға жеткізді.

Мұхтар Әуезов бұл романын он бес жыл уақыт шамасында жазады. Жазушы «Абай жолына» зор дайындықпен кіріседі. Абайдың өмірі мен шығармашылығын жан-жақты да терең жасаған зерттеу жұмыстарын көптеген ғылыми еңбектеріне негіз етеді.

Қазақтың тұңғыш эпопеясы «Абай жолының» алғашқы тараулары 1930 жылдың басында Әдебиет журналына басылып шыға бастайды. А.Пушкиннің 100 жылдығына арнап жазған «Татьянаның қырдағы әні» әңгімесі осы «Абай жолының» бір тарауы болып енеді. Төрт томдық роман-эпопеяның біріншісі 1942 жылы, екіншісі 1947 жылы, үшіншісі 1952 жылы, соңғысы 1956 жылы жарық көреді. 1949 жылы Эпопеяның «Абай» атанған алғашқы екі кітабына КСРО Мемлекеттік сыйлығына ие болды. 1959 жылы төрт томдық «Абай жолы» роман-эпопеясы үшін Мұхтар Әуезовке «Лениндік сыйлықтың лауреаты» атағы берілді. Ұлы жазушының өшпес еңбегіне, заңғар дарынына көрсетілген бұл баға сол кездегі әдебиет пен өнерге берілетін ең жоғары, ең беделді атақ болатын.

Нәтижесінде, Мұхтар Әуезов әлемдік әдебиет алыптарының қатарынан ойып тұрып орын алды. Қазақ тілінің байлығы мен тазалығын әлемге паш еткен «Абай жолы» эпопеясы аса жоғары бағаланды да, дүниежүзілік әдебиеттің классикалық шығармасы қатарында адамзат рухани байлығының алтын қазынасына енді. Роман жаһан халықтарының 116 тіліне аударылды. «Абай жолы» роман эпопеясын француз тіліне аударған Луи Арагон: «Менің ойымша «Абай жолы» эпикалық романы – ХХ ғасырдағы ең үздік шығармалардың бірі. Бұл роман оқушыға қызықты қиял мен ерекше ой өлкесін кездіріп, талай терең толғаныстар тудырады. Бұл шығарма кеңес әдебиеті туындыларының маңдай легінен орын алады деу аздық қылады, әлемнің басқа елдерінде де онымен тең түсетін шығарманы табу қиын», - деп бағалайды.

Мұхтардың отбасылық ғұмыры

1917 жылы аттастыру салтымен туыстарының қалауы бойынша Мұхтар 15 жасар Райханға үйленеді. 1918 жылы ерлі-зайыптылардың отбасында Мұғалима есімді қыз дүниеге келеді, әкесі қызына өмір бойы қамқорлық көрсетіп өткен. 1920 жылы Райхан 18 жасқа толғанда Мұхтар онымен ажырасады.

Әуезовтің екінші әйелі Абайдың немере қызы Кәмила сұлу болады. Мұхтар Абайдың немересі Мағауияқызы Кәмилаға үйленеді.

Мұхтар Әуезов үшінші жары Валинтина Кузьминамен Ленинград мемлекеттік университетінің әдеби-лингвистикалық бөлімшесінде бірге оқып, кейін тағдырларын қосты. Ленинград университетін бітіргеннен кейін жас ерлі-зайыптылар 1928 жылы Ташкентке көшеді. Онда ол Орта Азия мемлекеттік университетінің шығыс факультетіндегі аспираитурада оқуын әрі қарай жалғастырады. Осында 1929 жылы қыздары Ләйля, ал 1935 жылы Ернар атты ұлы дүниеге келеді.

1937 жылы саяси қуғын-сүргін құрбаны болып, атылып кеткен Ілияс Жансүгіровтың зайыбы педагог Фатима Ғабитовамен көңіл қосады да 1943 жылы Мұрат есімді ұлы дүниеге келеді.

Ұлы қаламгердің ұрпағы түгелдей дерлігі ғылыммен айналысып, ел дамуына сүбелі үлестерін қосты. Бүгінде жазушының Мұрат баласынан өзгесі өмірден озды. Мұғалима апамыз әкесі туралы естеліктер жазып қалдырды. Ләйля Әуезова тарих ғылымдарының докторы, дарынды ғалым болған. Әкесінің шығармалары мен ғылыми еңбектерін жинастырып, мемориалды мұражайын ашып, оның дамуына көп еңбек сіңірген жан. Ернар Әуезов бүкіл ғұмырын Қазақстан табиғатын қорғау жөніндегі жұмыстарға арнаған. Ол Алакөлде табылған реликтілік шағала жайлы жоғары көркемдік эссе жазған. Реликтілік шағаланы зерттеу арқылы ол әлемнің ғалымдарын осы мәселеге назар аудартқан. Бүгінгі күні қаламгердің кенже ұлы Мұрат Әуезов мәдениеттанушы-ғалым, дипломат, мемлекет және танымал қоғам қайраткері ретінде қалыптасты. Мұхтардай әкесі сөйлеген ана тілін аз уақыт ішінде меңгеріп алаған Мұрат Әуезов барша замандастарына үлгі болды. Ол Мұхтар, Ернар Әуезовтердің мұраларын насихаттау мен қайта басылып шығу жолында көп еңбек сіңірді. Мұхтар Әуезовтің балалары мен немерелері де ғылым жолын қуып, қазақ мұраларын зерттеумен айналысады.

Түйін. Мұхтар Әуезов қазақтың басына біткен бағы десем еш қателеспеймін. Ол «Абай жолындай» дүниені дүниеге әкеліп, жер жаһанға қазақтың қасиетті болмысын, асқақ мәдениетін, терең пәлсапасын Абайдай кемеңгер тұлға арқылы ашып берді. Оның өшпес еңбектерінен әлі талай ұрпақ жігерін қайрап, баба сөзінен тамыр жайып, болашаққа бой түзері анық.

Жанар ЕЛЕШОВА

«SMS+» №8 (56), 2014 жыл, 30 қыркүйек.