Торайғыров университетінің ғалымдары «СтройБиоРесурс» ЖШС-мен бірлесіп, Павлодар облысының Железин ауданында дәрілік өсімдіктерді өсіруді қолға алды.

Жуырда б.ғ.к. қауымдастырылған профессор Виктор Камкин студенттермен бірге оралдық мияны егу тәжірибесін бастады.  Көктемде сынақтың екінші кезеңі басталады.

Ғалымдардың айтуынша, облыста мия немесе өзге дәрілік өсімдіктерді дайындау заңсыз жүргізіледі. Стихиялық дайындау барысында өсімдіктердің ерекшеліктері ескерілмей, табиғи популяция өз ресурстарын қалыпқа келтіруге үлгермейді. Бұл жоба өсімдіктердің табиғи ерекшеліктерін сақтап, экологиялық өсіруді ұйымдастыруға мүмкіндік бермек.

- Плантациялық өсіруге оралдық мия жарамды. Қытайлық медицинада мия женьшеньмен пара-пар дәрілік өсімдік. Ғаламторда тамырдың бір келісі 1600 теңгеден сатылып жүр. Біз бұл үрдісті заңдастырғымыз келеді, - дейді сарапшы.

Ғалымдар дәрілік өсімдіктерді зерттеумен 2007 жылдан бері айналысып келеді. Ертіс өзенінің жайылымы, Баянауыл ұлттық паркі мен Ертіс орманы резерватының аумағы тыңғылықты зерттелді. Бүгінде аймақта жабайы түрде 194 дәрілік өсімдік түрі өсетіні белгілі болды. Оларды өсіру турасында жүргізілген сынақ нәтижесінде өсімдіктерді басқа жағдайға да бейімдеуге болады деген қорытынды жасалды.

Қазақстандағы фармацевтикалық саланың қазіргі жағдайы сын көтермейді. Себебі, еліміз қажеттілігіміздің тек 15%-ын жабады. Ал мемлекеттің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етуде препараттардың үлесі кем дегенде 30 %-ды құрауы керек, - дейді Виктор Камкин.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы фармкомпаниялар дәрі дайындауда шикізатты алыс-жақын шетелдерден тасымалдайды (РФ, Алтай өңірі, ҚХДР).

Қазақстанның әр облысында дәрілік өсімдіктер өседі, дегенмен, дәрілік өсімдік шаруашылығының әлеуеті бірінші кезекте аймақтың экологиялық тазалығына байланысты анықталады. Ал екінші кезекте, биологиялық сан алуандылығы мен ландшафтты деңгейлері. Бұл тұрғыда облыстың Железин ауданының әлеуеті зор.