Халықаралық өкіл С.Торайғыров атындағы ПМУ-да өтіп жатқан ҮЕҰ-бизнес-мемлекет серіктестігінің «ASAR» IIІ республикалық форумы жайлы пікірін білдірді.

АҚШ-тың USAID халықаралық даму агенттігінің Нұр-Сұлтан қаласындағы кеңсесінің жетекшісі Райан Уэддл қазақстандық форумның халықаралық форумдардан өзгешелігін атап өтті.

- Мен «ASAR» форумына екінші рет қатысып отырмын, - деді Райан Уэддл. – Байқағаным, халықаралық форумдардан көрі бұнда қатысушылар ойларын ішінде жасырып қалмайды. Өздерінің шынайы пікірлерін білдіреді. Шынайы әңгімелер өрбуде. Ал, менің форумға қосатын ойым, бизнес серіктестеріне тұрақты көмектесуі қажет. Қайырымдылық біржолғы болмау керек. Қайырымдылық жасау әрине, жақсы. Бизнестің өздерін жарнамалауы үшін тиімді тәсіл. Ол ұзақ болу үшін, азаматтық альянспен ортақ мүддеде жұмыс жасауы тиіс. Бизнес өздері көмектесе отырып, қайтарымын алуы керек. Мысалы, серіктестерінен жұмыс күшін жалдауға болады. Оқытылған студенттерді өз жұмыстарына жұмылдыра алады. Түрлі жолдары болады.

С.Торайғыров атындағы ПМУ Әлеуметтік сұрақтар бойынша департаменті басшысының м.а. Дархан Қаржаубай форумның ЖОО студенттеріне де пайдалы екенін айтты.

- Форумның біздің университетімізде өтуі қуантады, - деді Дархан Қаржаубай. – ПМУ студенттерді жобаларды жүзеге асыруға дайындайтын алаң болып табылады. Мысалы, Стартап академиямызда студенттер кәсіпкерлік, ғылыми жобаларды жүзеге асырады. Академияны бітіргенде дайын маман болып шығады. Әрі қарай несие алу жолымен өз жобасын іске асырады. Осындай форумда үкіметтік емес ұйымдар арқылы жобаларын жүзеге асыруға серіктес табады. Қазір бәрі бір-бірімен танысуда.

Дархан Қаржаубайдың айтуынша, қазіргі уақытта ПМУ студенттері мен оқытушылары бірігіп Май ауданындағы «Қалмақ қырылған» аумағында зерттеу жасап, ғылыми жобаны жүзеге асыруда.

Еске салайық, Павлодар қаласында 21-22 тамызда өтетін форум жергілікті қоғамдастықтың әлеуметтік мәселелерді шешуде бизнес, үкіметтік емес сектор және мемлекеттік органдардың күш-жігерін белсенді етуге бағытталған. Бұл ел деңгейінде, сондай-ақ, өңірлік контекстті толығымен зерделеу мақсатында үш жақты ынтымақтастық қарқынын көрсетуге мүмкіндік береді.