Алматы қаласында «Тірегі сендер Елімнің» фестиваль шеңберінде «Жас толқын» республикалық олимпиадасы өтті.

Шараны Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентінің қоры ұйымдастырды. Негізгі мақсат – ғылым мен кәсіпкерлікті ұштастырған жастарды қолдау. Олимпиадаға Павлодар, Қарағанды, Нұр-Сұлтан, Алматы қалаларының студенттері қатысты.

С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің намысын т.ғ.к. профессор Ғалия Кажибаева жетекшілік еткен биотехнология кафедрасының «Азық-түлік өнімдерінің технологиясы» мамандығы бойынша білім алып жатқан жастар қорғады.

Зияткерлік жарыс бес тур бойынша өтті. Оның ішінде спорттық кезеңдер де болды. Павлодарлық студенттер бірінші орынға ие болды. Жастар жалпы білім беру мамандықтары бойынша тес тапсырып, студенттік өмір туралы видеоролик түсірді. Сонымен қатар, ұлттық тағамдар өндірісін қарастырып, «Миллионға татитын идея» жобасын таныстырды.

Соңғы турдың басты талабы – жастарға бағытталған жобаларды қолдау. Оған жұмсалатын инвестиция көлемі 1 млн. теңгеден аспау керек.

- Конкурсқа жақсы идеялар ұсынылды. Павлодарлық студенттерді ерекше атап өткім келеді. Жент өндірісіне арналған жоба ұнады. Жастар тағамды әкеліп, қалай қапталатынын көрсетті. Бұл идеяда пайдалы құрамдастар бар: біріншіден , handmade – үй шаруасындағы іс, екіншіден, ауыл шаруашылығының дамуына сеп болады. Сонымен қатар, қазақ ұлттық тағамдарын дамытады», - дейді қазылар алқасының мүшесі, қор жанындағы Ғылыми кеңесті мүшесі, «Атамтекен» ҰКП-ның өкілі Ғани Абадан.

Кездесі қорытындысы бойынша жастар үздік нәтиже көрсетіп, жүлделі бірінші орынға ие болды.