С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университеті география және туризм кафедрасының студенті Мадина Батық «Мисс Қазақстан 2019» титулына ие болды.

Ұлттық байқау Нұр-Сұлтан қаласында өтті. Ақтық мәреге еліміздің 32 сұлуы қатысты. Жеңімпаз онлайн-дауыс беру бойынша анықталды.

Сұлулық байқауының бірінші кезеңінде қыздар бойындағы әсемдігін паш етіп, кешкі көйлектерде дефиле ұйымдастырды. Бойжеткендер Қазақстан тарихы бойынша білімдерін сарапқа салды. Сонымен қатар, отбасылық дәстүрлер туралы айтып, болашаққа межелеген жобалары туралы әңгімеледі.

М. Батық жеке телешоу ашу керек болса, Отанымыздың қасиетті және қызықты орындары туралы бағдарлама түсіргісі келетінін жеткізді.

«Мен өз мамандығым бойынша оқуымды жалғастырып, Қазақстанның туризмін дамытуды көздеймін. Еліміздің әлеуеті зор. Мен бақытты жанмын, сезімімді сөзбен жеткізе алмаспын. «Мисс Қазақстан» атану – балалық арманым. Ендігі мақсатым әлемдік байқауда ел намысын абыроймен қорғау», - дейді Мадина Батық.