С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері бірнеше бағыт бойынша республикалық пәндік олимпиадалардың жүлдегерлері атанды.

Академик Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университетінде тоғыз команда құрамындағы үздік студенттер «Әлеуметтік жұмыс» бағыты бойынша бақтарын сынады. ПМУ командасының намысын психология және педагогика кафедрасының студенттері қорғады.

Олимпиаданың үш кезеңі бойынша білімдерін сараптаған жастар қарттардың бос уақытын ұйымдастыру бойынша әлеуметтік жобаларын ұсынды. Кездесу қорытындысы бойынша жеңіске жетіп, бірінші орынға ие болды. Жеке есепте Алина Құсманова екінші орын тұғырынан көрінді.

М.В. Ломоносов атындағы ММУ Қазақстан филиалында өткен «Филология: орыс филологиясы» бағыты бойынша өткен олимпиадада болашақ тіл мамандары жазба тапсырмаларын орындап, шығармашылық байқауға қатысты. Команда бірінші орынға ие болды, ал шығармашылық байқауда үшінші орын иегері атанды. Жеке біріншілікте екінші орынды Анастасия Никитина және Роза Темірболатова өзара бөліссе, үшінші орын Адила Ибраеваға бұйырды.

«Орыс тілі және әдебиеті» мамандығы бойынша (Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті) бірінші орынды Анастасия Никитина жеңіп алса, командалық есепте үшінші орынға ие болды. Л.Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің базасында «Филология: қазақ филологиясы» бағытында ПМУ қазақ филологиясы кафедрасының студенттері екінші орынға ие болып, жақсы нәтиже көрсетті. Жеке есепте Айнұр Кереева жақсы нәтиже көрсеті, екінші орыннна көрінді.

ЖОО студенттері тіл мамандықтары емес мамандықтар бойынша білім алып жатқан студенттер бірнеше медаль жиынтығын қанжығаларына байлады. Ағылшын тілі және неміс тілдері бойынша Ерсұлтан Омар мен мария Двинянина екінші орын жүлдегері атанды.

Қорқыт ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінде «Өмір тіршілігінің қауіпсіздігі және қоршаған ортаны қорғау» мамандығы бойынша өткен жарыста сәулет-құрылыс факультетінің студенті Перизат Қазыбекқызы екінші деңгейлі дипломмен марапатталды. Алматы технологиялық университте Қазақстанның 11 ЖОО арасында өткен бәйгеде «Биотехнология» кафедрасының студенттері үшінші орынға ие болды.

Қазақ ұлттық аграрлық университетінде «Мал шаруашылығы өнімдері өндірісінің технологиясы» мамандығының студенттері бас қосты. Қатысушылар білімдерін ортаға салып, үздік командалардың қатарында болды. Нәтиже – үшінші орын.