С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде «Журналистика» мамандығы бойынша XI республикалық пәндік олимпиада өтті.

Жарысқа Қазақстанның 17 жоғары оқу орнынан 50 студент қатысты.

Олимпиада төрт кезең бойынша өрбіді. Қатысушылар монтаждау және видеотүсірілім дағдыларын ортаға салды. Командалар үш минуттық роликте Павлодар қаласының қызықты орындары туралы көрсетті. Олардың назарына орталық жағажай, Д.П. Багаев мұражай-үйі, Бұқар жырау атындағы әдебиет және өнер музейі ілікті.

Болашақ тілшілер ұсынылған 10 тақырып бойынша эссе жазып, шеберліктерін паш етті. Сонымен қатар, жергілікті журналистермен TedX форматындағы кездесуге қатысып, журналистерді даярлаудың өзекті мәселелерін талқылады.

Х. Досмұхамедов атындағы Атырау мемлекеттік университетінің командасы пәндік олимпиаданың жеңімпаздары мен кубок иегері атанды. М. Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетінің құрамасы – бірінші орын иегері. Екінші орынды әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, Халықаралық ақпараттық технологиялар университеті мен Қорқыт Ата атындағы Қызылорда мемлекеттік университетінің студенттері өзара бөлісті. Үшінші орын тұғырынан А. Байтұрсынов атындағы Қостанай мемлекеттік университеті, Семей қаласының Шәкәрім атындағы мемлекеттік университеті, Е. Бөкетов атындағы Қарағанды мемлекеттік университеті және Сүлейман Демирель атындағы университет көрінді.

«Павлодар мемлекеттік университетіне қонақжайлылық үшін алғысымыз шексіз. Әріптестерімізбен кездесіп, тәжірибе алмасқанымызға қуаныштымыз. Жеңіске жеттік!» - дейді жеңімпаздар.