С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері еліміздің жоғары оқу орындары арасында өткен пәндік олимпиадада үздік нәтиже көрсетті.

Тарих ғылымдарының кандидаты, қауымдастырылған профессор Айгүл Тұрлыбекова жетекшілік еткен Millenium командасы басқару және саясаттану кафедрасының намысын қорғады. Жастар болашақ мамандықтары туралы айтып, бейнеролик әзірледі. «Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру» тақырыбын жан-жақты ашып, қазылар алқасының күрделі сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар, «Брейн ринг» ойынында бақтарын сынап, капитандар байқауында тартысты ойын өрнегін көрсетті.

Олимпиада қорытындысы бойынша студенттер үшінші орынға ие болды. Ал г-м. ғ. к., қауымдастырылған профессор Ғалымбек Ажаев жетекшілік еткен «Ертіс team» командасы республикалық олимпиаданың қола жүлдегері атанды.

Қатысушылар қарсыластарына дес бермей, тапсырмаларды шеберлікпен орындады. Команданың постиндустриалды экономиканың маңызды факторы ретіндегі адами капитал тақырыбына арналған баяндамасы пікірталас тудырды.