С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде грек мәдениетінің күні аталып өтті.

Шара грек тілінің Дүниежүзілік күні мен «Эльпида» облыстық грек этномәдени бірлестігінің 20 жылдығына арналды.

Жиналғандар алдында бірлестіктің төрайымы Людмила Ифандопуло сөз алып, бүгінгі таңда жастар тілдерді меңгеріп, түрлі этномәдени бірлестіктің жұмысына араласу мүмкіндігіне ие екенін атап өтті.

Сонымен қатар, ұйымның жұмысы мен жетістіктеріне тоқталып өтті.

«20 жылдың ішінде жеткен жетістіктеріміз бір төбе. Біз кезінде грек тілін меңгерсек деп армандаған едік. Енді жастарымызға сапалы білім беретін үш педагогіміз бар. Шығармашылық ұжымдарымыздың жетістктерімен мақтанамыз. Күміс көмей әншілеріміз фестиваьдерде бас жүлделерге ие болған. Біз, сонымен қатар, Томск қаласындағы грек диаспорасымен ынтымақтастық орнаттық, Ертіс, Железин аудандарында филиалдарымыз бар», - дейді Л. Ифандопуло.

Кездесу барысында жиналған қауым грек тілінің қалыптасу тарихы, ерекшеліктерімен танысты. Мерекелік шара шеңберінде «Музыкальные сердца» бірлестігінің белсенділері ән шырқап, тамаша тарту жасады.

«ПМУ-дің студенттік ассамблеясы мен ҚХА кафедрасы аймақтың әлеуметтік-эконмоикалық дамуына үлес қосып жатқан әр этномәдени бірлестік үшін пікір алаңына айналғанына қуаныштымыз. Бұл алаңда әр ұйым өзінің дәстүрлері мен салттары туралы айтып, пікірлерін ортаға сала алады. Бұл этникааралық қатынасты нығайту бағытындағы маңызды қадам деп білемін», - дейді Павлодар облысы ҚХА филиалы жастар бірлестіктері үйлестіру кеңесінің төрағасы, Қазақстан тарихы кафедрасының магистранты Рамиль Смаилов.