С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде физика-математика ғылымдарының кандидаты, педагогика ғылымдарының докторы Борис Николаевич Дроботунның 70 жылдық мерейтойына арналған салтанатты шара өтті.

Мерейтой иесін құттықтауға ғылыми қауымдастық, әріптестері мен шәкірттері жиналды.

С. Торайғыров атындағы ПМУ ректоры, филос.ғ.к. Гаухар Ахметова құттықтау сөзінде Борис Дроботунға университеттің дамуына қосқан үлесі үшін алғысын білдірді.

- Борис Николаевичпен жұмыс істейтін азаматтар оны таным көкжиегі кең, энциклопедиялық білімі мол ғалым ретінде таниды. Оның білімпаздығы ішкі мәдениетімен керемет үйлесім тапқан, - деді Г. Ахметова.

Университет басшысы ғалымның математикалық логикасы, құрылымы мен ойы поэтикалық этюдтарымен байланысты екенін атап өтті. Шара барысында математиктің шығармаларын университет қабырғасындағы баспадан шығару туралы ұсыныс жасалды.

Борис Дроботун өмірінің 40 жылдан астамын мемлекеттік университеттің физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетіне арнады. Бүгінгі күнге дейін 200-ден астам ғылыми еңбек, төрт монография мен жоғары математикалық білім, алгебра, логика бойынша оқу-әдістемелік құралдарды жазған.

Борис Николевичтің ғылыми және педагогикалық қызметі еленді. Ғалым «Қазақстан Республикасының ғылымын дамытуға қосқан үлесі үшін» белгісі, Ыбырай Алтынсарин атындағы медаль мен С. Торайғыров алтын медалі, сонымен қатар, ҚР Білім министрінің Құрмет грамоталары және Қазақстанның Педагогикалық Ғылымдар академия Президентінің мадақтамаларымен марапатталған.