С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінде 14-30 қаңтар аралығында өткен «Денсаулық – зор байлық» спартакиадасының қорытындылары шығарылды.

Жарысқа университет қызметкерлері, профессорлық-оқытушылық құрам мен ардагерлер қатарындағы 400-ге жуық спортшы спорттың сегіз түрі бойынша бақтарын сынады.

Қатысушылар баскетбол, волейбол, теннис, ату, көпкүрес бойынша шеберлік байқасса, зияткерлік жарысқа бет бұрғандар шахмат бойынша күш сынасты.

Спартакиада қорытындысы бойынша физика, математика және ақпараттық технологиялар факультетінің волейбол командасы жеңіске жетті. Факультет спортшылары, сонымен қатар, арқан тарту, дәлдеп ату, шахмат бойынша да алдыңғы қатардан көрінді.

Энергетика факультетінің намысын қорғаған азаматтар да нәтижелі ойын өрнегін көрсетті. Олар теннис бойынша қарсыластарына дес бермеді. Баскетбол бойынша гуманитарлық-педагогикалық факультетінің спортшылары үздік деп танылды. Құрама команда гимнастика бойынша да жеңісті қолдан бермеді.

Қомандалар арасында осындай қорытынды шығарылды. Бірінші орынға физика, математика және ақпараттық технологиялар факультеті, екінші орынға энергетика факультеті ие болды. Үздік үштікті металлургия, машина жасау және көлік факлуьтеті түйіндеді.