С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің студенттері мен магистранттары металлургия, машина жасау және көлік факультетінің 2012 жылғы түлегі Александр Шутовпен кездесті. Бүгінде ол Ақсу ферроқорытпа зауытында ыстық жұмыс телімінде шебер болып жұмыс атқарады.

Кездесу университетке кешенді экскурсия жасаумен басталды, кездесу барысында қонақ университет өміріндегі көптеген өзгерістерді бағалап, өзінің студенттік өмірі туралы естеліктерімен бөлісті.

«Кез-келген технолог үшін білім – әрі қарай жұмыс істеу барысында сүйенетін негіз. Менің қызметімнің барысындағы университеттің рөлі өте маңызды, ол негізгі болып табылады. Білімсіз белгілі бір табыстарға, жетістіктерге жету өте қиын», – деді А. Шутов.

Болашақ металлургтермен ашық диалогта Александр ірі кәсіпорындардағы жұмыстың артықшылықтары мен ерекшеліктеріне егжей-тегжейлі тоқталып, бүгінгі күннің негізгі міндеті – түлектер білмейтін нәрселерді жастарға жеткізу, жастарды өндіріске баруға ынталандыру екенін атап өтті.

Жастар еңбек ақы, жас мамандарды әлеуметтік қолдау, өндірістегі еңбекті қорғау, зиянды жағдайлар және міндетті медициналық тексерулер туралы өздерін қызықтырған сұрақтарын қойды.

Сонымен қатар, А. Шутов Қазақстандағы жастар жылының ашылу салтанатына қатысып, мемлекет басшысының алдында спикер ретінде сөз сөйлегендігі, сол жерден алған әсері жайлы айтып өтті.