Соңғы уақытта экономикалық дамудың бір саласы – туризм дамуына көп көңіл бөлінуде. Туризм саласы жақсы дамыған мемлекеттерде туризмнің экономикаға қосатын үлесі жоғары.

Қазір дүниежүзінде жастар туризмін дамытудың өзектілігі артып келеді. Бұл сала олардың өз еліне деген патриоттық сезімдерін қалыптастыру ісінде маңызды рөл атқарады. Жастар туризмі халқымыздың бірлігін сақтап, төл мәдениетімізді дамыту мәселелерін қамтиды. Сондай-ақ, ішкі өңірлік байланыстарды нығайтуға, халықаралық серіктестікті кеңейтуге септігін тигізеді.

Кереку өңірі туристік ресурстарға өте бай аймақтардың бірі. Павлодар Ертіс маңы тамаша табиғат нысандарымен: Ертіс өзені, Баянауыл мемлекеттік ұлттық табиғи саябағы, Шалдай қарағайлы орманы, «Қаздың қонысы» табиғи ескерткіші және т.б. белгілі. Сонымен қатар, Қазақстанда экологиялық, спорт-сауықтыру және экстремальды туризм орталықтары болуға лайықты жерлер көп.

Біздің университетте туризм саласындағы мамандарды даярлауға барлық мүмкіншіліктер бар. Жоғарыда айтылған бағыттарды дамыту үшін тиісті инфрақұрылымдар жетілдірілген, соның ішінде университетіміздегі Сұңқар спорттық клубындағы жаңадан салынған 4,5 метрге дейінгі биіктіктегі жасанды рельефте-қабырғаға көтерілу бойынша Скалодром дәлел бола алады. Осы скалодром көмегімен жастардың туристік клубтарын жаңғырту арқылы спорттық – сауықтыру және экстремальды туризмді дамытуға мүмкіншілігіміз бар.

«География және туризм» кафедрасының меңгерушісі,
Педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент Динара Есімова