С. Торайғыров атындағы Павлодар мемлекеттік университетінің үш оқытушысы «2018 жылғы ЖОО-ның үздік оқытушысы» байқауында жеңімпаз атанды.

ҚР БжҒ министрлігі мұрындық болған байқауға еліміздегі 80 жоғары оқу орнынан 481 үміткер қатысты.

Дәстүрлі сайыс екі кезең бойынша ұйымдастырылды. Университетішілік алғашқы кезеңің қорытындысы бойынша ғылыми кеңестің шешімімен жоғары оқу орнының үздік оқытушылары анықталды. Кейін үміткерлер республикалық іріктеуден өтеді.

Биылғы жылы «ЖОО-ның үздік оқытушысы» мәртебесіне биотехнология кафедрасының меңгерушісі, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор (доцент) Құралай Исаева, металлургия, машина жасау және көлік факультеті деканының оқу ісі жөніндегі орынбасары, т.ғ.к., қауымдастырылған профессор (доцент) Асылбек Касенов және «Ақпараттық технологиялар» кафедрасының профессоры, пед.ғ.к., Назира Оспанова ие болды.

Оқытушылар осындай атаққа ие болумен қатар, әлемнің жетекіше университеттерінде тағылымдамадан өтуге және зерттеу жұмыстарын жүргізуге мүмкіндік беретін гранттардың иегерлері атанды.

Байқау халықаралық серіктестікті нығайту және жоғары оқу орындары өкілдерінің шығармашылық әлеуетін арттыруға, сонымен қатар, ғылымның жаңа бағыттары бойынша халықаралық конвенция талаптарына сәйкес кәсіби қайта даярлықтан өту мен біліктілікті арттыруды көздейді.

Еске сала кетсек, 2018 жылы «ЖОО-ның үздік оқытушысы» мәртебесіне ие 43 білім ошағының 200 маманы ие болды.